Күнделікті тегін тамақтың орнына 458 теңге: Шымкенттегі ата-аналар наразылық білдірді
Енді Шымкенттегі жекеменшік мектептің бастауыш сынып оқушыларына тегін тамақтың орнына күніне 458 теңге беріліп отырады.Қазақстанда бұрын-соңды болмаған бұл қаулыға қаладағы ата-аналардың басым бөлігі қарсы, себебі ас орнынан берілетін ақша ештеңе жетпейді, деп хабарлайды 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Білім басқармасының басшысы болса бұл – жемқорлықты жоюдың жалғыз амалы екенін айтып отыр.
Осыдан он күн бұрын оқушыларға тегін тамақ орнына күніне 458 теңге беріп отыратынын айтқан қаладағы білім басқармасының жаңа қаулысына шымкенттік ата-аналар қарсы. Бірі ақша алатын есепшоты бұғатталып қалғандықтан, аударылған ақшаны алу қиын болатынын айтса, тағы бірі айына берілетін 10 мың теңгеге бала тоймайтынын жеткізді.
Қоғам белсендісі Өмір Шыныбекұлы Шымкенттегі білім басқармасы шығарған шешім ақылға сыймайтынын айтты.
"Ертең азық-түлік қымбаттап кетсе не болады? Кеше ғана әлеуметтік желідегі топта макарон өнімдері, ұн қымбаттады деп жазылған.. Енді 2-3 айдан кейін энергия көздері қымбаттаса, онда бірден азық-түлік қымбаттап кетеді. Сол кезде ол 500 теңге қайсыбіріне жетеді? Оны кім ойлап тапқанын білмеймін. Кім ойлап таспа да – қате шешім", – деді қоғам белсендісі Өмірбек Шыныбекұлы.
Оқи отырыңыз: Алматыда оқушыларды тегін тамақтандыру үшін 20 млрд теңге бөлінеді.
Ал Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы болса осылайша сыбайлас жемқорлықпен күреспек.
"Шымкенттегі прокуратура бар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік бар7 Оқушылардың тамағына жауапты көптеген құзырлы органдардың тікелей бірлесе отырып қабылдаған шешім негізінде ашықтық, тазалық, ата-ананың тікелей қадағалау мүмкіндігіне ие болу жолдары есепке алынды. Шымкент бойынша 114 жеке меншік мектеп бар. Онда бастауыш сыныптарда 20 мыңнан аса оқушысы білім алады", – деді Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева.
Басқарма басшысы балалардың ас-ауқатына мемлекеттен жалпы қанша қаражат бөлінетінін нақты айта алмады.