2022-2023 жыл – Корея мен Қазақстанның өзара мәдени алмасу жылы. Осыған орай екі ел достығын насихаттайтын бірнеше шара өтеді. Оны Корей халықаралық мәдени алмасу агенттігі мен Корей мәдениет министрлігі ұйымдастырмақ.

Аталған шара аясында Алматыдағы Темірбек Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясымен Корей өнер академиясы бірігіп, "Корея және Қазақстан: диаспора уақыты мен кеңістіктер қиылысы" атты деректі фильмнің түсірілім жұмыстары басталған. 

8 қыркүйекте Қазақстанда "Корей анимациясының арнайы көрсетілімі" өтеді. Онда Ли Сонг Гангтың "Ая ханшайымы" және режиссер Лим Чэ Риннің "Мен жайлы" фильмдерімен қатар 12 анимациялық туынды көрсетіледі. Сонымен қатар фильм режиссерлері көрермендермен кездесіп, арнайы шеберлік сабағын өткізеді. Оның ішінде "Ая ханшайымында" басты рөлді сомдаған әнші Бэк Аёнмен кездесу жоспарланған. 

Сонымен қатар 23 қыркүйекте Алматы театрында екі ел арасындағы достықты дәріптейтін заманауи музыка кеші өтеді. Атап айтсақ, Ұлттық халық аспаптар оркестрі мен пансори шебері, сондай-ақ қазақтың дәстүрлі аспабы – домбырада ойнайтын өнерпаздар бірлесіп концерт өткізеді. Концертте түрлі музыкалық шығармалар – дәстүрлі халық әндерінен бастап қазақ композиторы Еркеш Шәкеевтің классикалық шығармалары орындалады.


Оқи отырыңыз: Корея мен Қазақстан өзара туризмді қалай дамытып жатыр?


21 қазан күні Қазақстандық анимация өкілдерінің көрмесі Кореяда өтетін "Корей анимациясының арнайы шоуына" қатысады. 

Одан бөлек Қазақстанның "Байқоңыр" халықаралық қысқаметражды фильмдер фестивалі мен Кореяның "Бучон" халықаралық анимация фестивалі бірігіп, анимациялық фильмдердің арнайы көрсетілімін ұйымдастырады.

11-12 қараша күндері Қазақстанның ұлттық және мемлекеттік театрларында қойылым көрсетіледі. Туынды Корей халықаралық мәдени алмасу қоры мен Республикалық мемлекеттік академиялық корей театрымен бірлесіп дайындалған. Екі ел жастарының бұл бірлескен қойылымы Қазақстан Ұлттық банкінің ескерткіш монетасында бейнеленген корей мифологиясының кейіпкері – Дангунның оқиғасына негізделген. Бұл туынды академиялық корей театрында көрсетілетін болады.

14 қараша мен 8 желтоқсан аралығында атақты фотограф Ким Ок Сонның жеке көрмесі Алматыдағы Әбілхан Қастеев атындағы мемлекеттік өнер мұражайында өтеді. Онда фотограф көрерменге 50-ден астам жұмысын ұсынған. Суреттердің басым бөлігі тарихи оқиғалар мен әртүрлі себептермен туған жерінен қоныс аударған адамдардың өмірі туралы.  


Оқи отырыңыз: Әлемдегі ең үздік 13 аурухана орналасқан. Неліктен азаматтар емделу үшін Сеул қаласын таңдауы керек?