Көлсай мен Қайыңдыда 46 млн теңгеге салынған дәретханалар жұмыс істемейді
Модульдік дәретханаларға электр жарығы да, су да тартылмаған.Құзырлы орган өкілдері осы облыстағы демалыс орындарына барып, туристерге мүлдем жағдай жасалмағанына көз жеткізіп қайтты. Тұмса табиғатымызды тамашалауға келетін шетелдіктерден де шағым көбейген, деп хабарлайды 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Қазақстанның тұмса табиғатын тамашалауға барған блогер демалыс орындарының қызмет көрсету сапасын сынға алып, парақшасына жариялаған. Александр Синтовский Сатыда туристер үшін қолайлы жағдай мүлдем жасалмағанын айтты.
"Бұл жерде автокөлікпен баруға болмайтын жер ба, бірақ таныс тауып, шекарашыларға ақша беріп, не заңсыз таксистерді жалдап көрікті жерге бара беруге болады екен", – деді ол бейнежазбада.
Осы бейнежазбадан кейін сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің қызметкерлері Көлсай, Қайыңды мен Есіктегі бірқатар демалыс орындарына барды. Тексеру жұмысы барысында былтыр ғана 11,4 миллион теңгеге салынған төрт модульдік дәретхана жұмыс істемей тұрғаны анықталды.
"Мониторинг нәтижесінде экологиялық алым төлеудегі және мақсатты пайдаланудағы ашықтықтың жоқтығы, модульдік қоғамдық дәретханалардың жұмыс істемеуі және оларға талапқа сай техникалық қызмет көрсетілмейтіні, сондай-ақ қызметтерді талапқа сай көрсетпеу сияқты жемқорлық тәуекелдері анықталды", – деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі Алматы облысы бойынша департаментіндегілер.
Қазіргі уақытта спорт және туризм министрлігі олқылықтарды жоюға кірісті. Дәретхана тапшылығынан бөлек Саты мен Қайыңды арасындағы әбден тозығы жеткен жол да қазір туристердің бас ауруына айналған. Шұрық-тесік жолдың кесірінен тур компаниялар саяхатшыларды ауыл тұрғындарының көлігімен тасуға мәжбүр.
Оқи отырыңыз: Іле Алатауы, Бурабай, Көлсай. Қазақстанда туристер ең көп баратын 5 мекен.