Колледжге түсуге талапкерлер қандай құжаттар тапсырады?
Колледжге түсу үшін тапсыратын емтихандар алынып тасталды.Маңғыстау, Түркістан облыстары мен Шымкент қаласы колледждерге құжат қабылдау бойынша артта келеді. Бұдан бөлек, өңірлерде мемлекеттік тапсырысты азайтып алмауымыз керек, деп мәлімдеді техникалық және кәсіптік білім департаментінің директоры Насымжан Оспанова.
"Оқуға құжаттар 25 маусымнан бастап қабылданып жатыр. Жалпы 160 мыңнан астам абитуриент келеді деп күтіп отырмыз. Абитуриенттерде 4 мамандық және 4 колледж таңдау мүмкіндігі бар. Мамандықтарды таңдау үшін кәсіби диагностикадан өтуге мүмкіндік қарастырылған. Сондай-ақ, оқуға түсу үшін тапсыратын емтихандарды алып тастадық. Талапкерлер оқуға конкурстың орташа балымен түседі. Сонымен қатар, колледждерге қабылдауға тағы үш квота қосылды", – деді Насымжан Оспанова.
Қазіргі таңда құжаттар egov.kz платформасы арқылы қабылданып жатыр. Талапкерлер аталған платформада қажет ұяшықтарды толтырып, құжаттарды тіркеп, өтінімдерді рәсімдейді. Кейін талапкердің құжаттары қабылданғаны туралы қолхат беріледі және жеке кабинетіне хабарлама келеді.
Оқи отырыңыз: Аймағамбетов "Дарын" мектептері туралы: сағаты көп, бірақ сапа айырмасы аз
"Колледжге түсетін талапкерге 4 құжат қана керек. Олар – өтініш, білім туралы құжаттардың тұпнұсқасы, төрт дана фотосурет және медициналық анықтама", – деді департамент директоры.
Насымжан Оспанова білім басқармаларының жергілікті бюджет есебінен мемлекеттік тапсырысты азайтып алмауы тиіс екенін еске салды. Алайда бірқатар өңірде көрсеткіш төмендеген.
"Мемлекеттік тапсырыстар Ақтөбе облысында – 430, Қостанай облысы – 171, Атырау облысы – 119, Павлодар облысы – 41, Алматы қаласында 225 орынға төмендеп отыр. Келесі жылы республикалық бюджеттен мемлекеттік тапсырыс беру кезінде аталған облыстардың көрсеткіштері ескерілетінін атап өткім келеді", – деді департамент өкілі.
Оқи отырыңыз: 2022 жылы ҰБТ-да өте жоғары балл жинаған 200 үміткердің нәтижесі тексеріледі
Мұнымен қатар, департамент жетекшісі Маңғыстау, Түркістан облысы мен Шымкент қаласында құжаттарды қабылдау бойынша артта қалып келе жатқанын айтты.