2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап колледждерде алты бағыт және 16 пән бойынша жаңа үлгілік оқу бағдарламалары енгізіледі, деп хабарлады Оқу-ағарту министрлігі. Олардың қатарында педагогикалық, әлеуметтік-экономикалық, техникалық-технологиялық, көркемдік-технологиялық, аграрлық-технологиялық, қоғамдық-гуманитарлық бағыттар бар. 

Министрліктің хабарлауынша, жаңа үлгілік оқу бағдарламаларында жұмыс беруші талаптары мен өңір ерекшеліктері ескеріледі және сағат саны мен тақырыптардың мазмұнын 25 пайызға дейін өзгерту көзделген. 


Оқи отырыңыз: Жоғары білім министрлігі сараланған білім гранттарын беру тәртібін әзірледі


"Жалпы білім беретін пәндердің оқу бағдарламаларында білім алушылардың ынтасын, қызығушылығын арттыруға мүмкіндік беретін бейіндік бағыт ескеріледі. Ол мамандыққа қатысты кәсіби-танымдық қызығушылықтың дамуына ықпал етеді. Мысалы, "көлем" тақырыбын алатын болсақ, оны зерттеу кезінде арнайы пән мұғалімі сабақты қозғалтқышы бар шеберханада өткізуге болады. Педагог оның қалай жұмыс істейтінін сол жерде көрсетеді, одан кейін студенттермен бірге қозғалтқыш, жану камерасы секілді басқа да элементтерінің сызбасын қарастырады. Маман үшін білім берудің бұл әдісі өте маңызды, бұл тәсілді математиканы оқытуда да пайдалануға болады", – деді техникалық және кәсіптік білім департаментінің директоры Ернат Жүнісов. 

Қазақстанда колледжге түсетіндердің 80 пайызы – 9-сынып түлектері.