Алматыда мектеп түлектері оқуға түсе алатын колледждерге 14 905 бюджеттік орын бөлінді. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 3 500 орынға көп, деп мәлімдеді қалалық білім басқармасы техникалық және кәсіптік білім беру басқармасының басшысы Ерік Әбішаев. 

Білім басқармасының өкілі 2022 жылы түлектерге болашақ білім траекториясын анықтау үшін колледждерге тапсырар алдында кәсіби диагностикадан өтуді ұсынды. Оны gz.bilimalmaty.kz сайтында жүзеге асыруға болады. 

"Биыл Алматының орта арнаулы оқу орындары мен лицейлеріне қабылдау науқаны 25 маусымнан 25 тамызға дейін жалғасады. Кешкі және сырттай оқуға құжаттарды қабылдау мерзімі 25 маусым мен 20 қыркүйек аралығында. Бұл ретте шығармашылық дайындықты қажет ететін мамандықтар бойынша оқуға құжаттар 20 шілдеге дейін, ал педагогикалық және медициналық мамандықтар бойынша 15 тамызға дейін қабылданады", – деді Ерік Әбішаев.


Оқи отырыңыз: Колледжге түсуге талапкерлер қандай құжаттар тапсырады?


Басқарма басшысының айтуынша, биыл барлық талапкер тегін білім алу мүмкіндігін иеленіп отыр. Бұл үшін электронды үкімет пен gz.bilimalmaty.kz порталдары арқылы құжаттарын тапсыру қажет. Мұнымен қатар, колледжге қабылдау жөніндегі техникалық хатшыларға жүгіне алады. 

"Орта буын маманы біліктілігін таңдаған әрбір талапкердің төрт мамандық пен төрт колледжге дейін таңдау мүмкіндігі бар. Мамандық таңдау кезінде gz.bilimalmaty.kz порталына тіркеліп, құжаттарды тікелей колледжге тапсыру қажет", – деп түсіндірді спикер.