2023 жылдан бастап кемінде 5 жыл жұмыс өтілі бар өндірістен тартылған педагогтерге аттестаттаудан өтпей "педагог-модератор" біліктілік санаты беріледі, деп хабарлады Оқу-ағарту министрлігі

Сондай-ақ, оларға жалақысының 30% мөлшерінде қосымша ақы төленеді. Ал еңбек өтілі 10 жылдан асатын болса, 35% үстемеақы төленіп, сарапшы санаты беріледі. 

"Колледждерде алғаш рет педагогикалық қызметке кіріскен және кемінде 2 жыл өндірістік өтілі бар мамандар тестілеуден өтпей-ақ "педагог" біліктілік санатын ала алады. Сонымен қатар, өндірістік оқыту шеберлері мен арнайы пән оқытушылары аттестаттаудан өту кезінде тестілеуден босатылады, тек қызмет нәтижелерінің жалпы кешенді тексеруінен өтеді. Бұл өзгерістер колледж педагогтерін ынталандыратын болады және кадр даярлау сапасын арттырады", – деді Оқу-ағарту министрлігі Техникалық және кәсіптік білім департаментінің директоры Ернат Жүнісов. 


Оқи отырыңыз: "Үздік педагог" байқауына енді жекеменшік мектеп мұғалімдері де қатыса алады


Сондай-ақ, министрліктің хабарлауынша, зейнеткерлік жасына 4 жыл қалған педагогтер, 30 және одан да көп жыл педагогикалық өтілі бар педагогтер бұрын берілген біліктілік санатын растаған кезде тестілеуден босатылады.