Кинорежиссер: Әрбір қалада коммерциялық емес кинотеатр ашу қажет
Жандос Құсайынов ұлттық киноға квота бөлу мәселесі туралы да әңгімеледі.Қазақстанның әр қаласынан коммерциялық емес бір кинотеатр ашайық, деп ұсынды кинорежиссер Жандос Құсайынов Admin Anon Live подкастына берген сұхбатында.
"2019 жылы кино туралы заң қабылданған кезде жұмыс тобында болғанмын. Кореяның, Францияның тәжірибесінен бірнеше ұсыныс бердім. Соның бірі – мемлекеттік маңызы бар қалалардан коммерцияға құрылмаған бір кинотеатрдан ашу мәселесі. Көздегені ақша табу емес, ұлттық фильмдер және фестивальдерге барып келген, көрсетілмей қалған фильмдерді көрсететін кинотеатр. Оған көп ақша кетпейді. Біз онсыз да басқа спорт түрлеріне ақша бөліп жатырмыз ғой. Ол өзін ақтайы. Бірте-бірте адамдар келе бастайды, жақсы фильмдерге үйрене бастайды", – деді кинорежиссер.
Сонымен қатар Жандос Құсайынов ұлттық киноға квота бөлу мәселесін көтерді.
"Кореядағы сияқты жылына 72 фильм болмаса да, ұлттық 50 фильмге квота берейік. Мысалы, арт-хаус фильмдерге квота берейік. Олардан ешқандай квота алмай-ақ қояйық. Олар да белгілі бір уақытқа прайм-тайм уақытқа қойсын. Сөйтіп бес-алтауы, келесі жылы алты-жетеуі барар, кейін он бесі барар. Солай көбейеді ғой. Өзі қандай да бір мәдениет қалыптасу үшін жылдар керек қой. Тарих үшін ол кішкентай ғана уақыт, ары кетсе елу жыл. Ал елу жылда қандай мәдениет қалыптастырасың? Қандай адамдардың шоғырын қалыптастырасың?" – деді кинорежиссер.
Оқи отырыңыз: Қазақстан ұлттық киноны қолдау орталығы мен "Өзбеккино" ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды