Қызылордада Ұлттық ұланның сарбазын өлтірді деген күдікті ұсталды
Ол қазір уақытша ұстау изоляторына қамалған.Қызылорда облысының Полиция департаменті халықтың қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз ету жөнінде барлық қажетті жедел шараларды қабылдауда, деп хабарлайды Polisia.kz.
Ішкі істер органдарына 381 адам жеткізілді, олардың әрқайсысының іс-әрекеттеріне құқықтық баға беріледі. Оның ішінде 43 адамға қатысты ҚР Әкімшілік кодекстің 476-бабының 6-бөлігі бойынша әкімшілік хаттамалар рәсімделіп, аталған кодекстің 488-бабының талаптарын бұзғаны үшін 31 азамат жауапқа тартылды.
"Арнайы жедел-тергеу тобы құрылып, бүлікке қатысқан 38 адам анықталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Оның ішінде Ұлттық ұланның сарбазын өлтірді деген күдікті бар",– деп жазылған ІІМ сайтында.
Қоғамдық қауіпсіздікті сақтау мақсатында қала көлемінде бес блок бекет, ал жеті ауданда 23 блок-бекет қойылған.
Бұған дейін Тараз қаласында террорлық шабуылға тосқауыл қойылып, он шақты қарулы қылмыскердің көзі жойылғанын хабарлаған едік. Облыста 269 бүлікші ұсталған. 20 қылмыстық іс, 104 әкімшілік іс қозғалған.