Қызылорда облысында ауыл әкімі 2 жыл бойы заңсыз артық жалақы алған
Мемлекетке келген шығын 2 млн теңгеге бағаланып отыр. Енді әкім жылы орнын босатады.Қызылорда облысындағы Жаңадария ауылының әкімі екі жыл бойы заңсыз түрде артық жалақы алып отырған. Тек өзі ғана емес, қол астындағы бірнеше қызметкердің де жұмыс істемеген күндеріне айлық төлеген, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Еңбекақыны артығымен алған әкім мен қызметкерлер мемлекетке 2 миллион теңгедей шығын келтірген. Алайда заңбұзушылық үшін ешкім жауапкершілікке тартылмаған. Өйткені, құзырлы орган өкілдері әкімнің әрекетінен қылмыс белгілерін таппаған.
Ауыл басшысы кінәні есепшісіне ысырып отыр. Бұл мәселе облыстағы мемлекеттік қызметкерлердің әдеп кеңесінде қаралып, артық жалақы алып келген әкім қызметінен босату туралы шешім шыққан.
"Әкім ретінде заңбұзушылықтардың алдын алудың орнына, ЭЦҚ-ны есепшіге беріп қойғанмын деген мәселені айтты. "Өзім жасаған жоқпын" деді. ЭЦҚ-ны беріп қою да заңбұзушылық болып табылады. Әдеп жөніндегі кеңестің толық құрамы әкімді атқаратын жұмысынан босату туралы ұсыныс берді", – деді Мемлекеттік қызмет істер агенттігі Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Ғалым Тұрсынбаев.