Қазақстанның қай өңірлерінде электр және жылу жабдықтары әбден тозған?
Электр желілері бойынша бұл көшті ШҚО және БҚО бастап тұр.Энергетика министрі Болат Ақшолақов Үкімет отырысында Қазақстандағы энергетика қондырғыларының жай-күйін баяндады. Оның айтуынша, Қазақстанда 37 жылу электр орталығы жұмыс істейді:
- қызыл аймақта – 19;
- сары аймақта – 11;
- жасыл аймақта – 7 ЖЭО.
ЖЭО жабдықтарының орташа тозу деңгейі – 66%. Ең ескіргендері – Орал, Степногорск, Тараз, Қызылорда, Кентау қалаларыныңжылу электр орталықтары (тозуы 80%-дан асады).
Қазақстандағы ЖЭО-ның орташа жасы – 61 жас. Оның ішінде ЖЭО-ның шамамен 76%-ы 50 жылдан астам уақыт жұмыс істеген. 2021 жылдың қорытындысы бойынша электр станцияларындағы авариялық ажыратулар саны 2020 жылмен салыстырғанда 5%-ға артқан.
Осындай деректерді келтірген Болат Ақшолақов қызыл аймақтағы жылу электр орталықтарының жабдықтарын жөндеу жұмыстары 2023 жылы жүргізілетінін айтты. Атап айтқанда, 98 қазандық пен 54 турбинаны қайта құру, жаңғырту жоспарланып отыр. Бұл жұмыстар 182 млрд теңге қаражатты талап етеді.
Сондай-ақ, Қазақстанның қай өңірлерінде электр желілері тозғаны да белгілі болды. Республика бойынша электр желілерінің орташа тозуы 66% шамасында:
- Шығыс Қазақстан облысында – 81%;
- Батыс Қазақстан облысында – 80%;
- Қостанай облысында – 74%.