Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының директоры Бақдәулет Сәбитов Орталық коммуникация қызметінде өткен брифингте қазақстандық спортшылардың Дүниежүзілік көшпенділер ойынына дайындығына баға берді.

Қазақстандық спортшылар негізгі 4 спорт түрінен бөлек, қызғыз халқының "Көкбөрі" аталатын ойынына да қатысады.

"Біздің спортшылардың дайындығы жоғары деңгейде. Бәрі "сен тұр, мен атайын" спортшылар. Сондықтан олардан үлкен үміт күтеміз. Бірінші не екінші орынды қанжығаға байлаймыз деген дәмеміз бар", – деді Бақдәулет Сәбитов.

Дүниежүзілік көшпенділер ойынына Қазақстаннан 80-ге жуық делегат қатысатын болса, олардың 49-ы – спортшылар. Ойындарға қазақ күресінен тұңғыш рет әйелдер құрама командасы қатысады. Командада 3 спортшы әйел бар.

Биыл IV Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Түркияда 29 қыркүйек пен 4 қазан аралығында өтеді. Айтулы шара бұған дейін үш жыл қатарынан Қырғызстанда өткен болатын.


Оқи отырыңыз: Өзбекстанда "Жалаңтөс Баһадүр" тарихи фильмі жарыққа шығады