ҚР Энергетика министрлігі шетел азаматтары үшін бензин мен дизель отынының бағасын өзгертуді ұсынды.

Бұл өзгерістер ел ішіндегі жанармай нарығын теңестіруге және заңсыз экспорт тәуекелдерін азайтуға арналған. Бағалар сатып алынатын жанар-жағармай көлеміне және автокөліктің Қазақстан Республикасында тіркелгеніне байланысты өзгереді, деп түсіндірді ведомство.

«Бағаны мемлекеттік реттеудің арқасында Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасында жанар-жағармай құны ең төмен ел болып саналады, бұл мұнай өнімдерінің басқа елдерге төгілу және мұнай өнімдерін басқа елдерге  экспорттау тәуекелін тудырады»,  – деп жазылған ведомство хабарламасында.

Бұйрық жобасына сәйкес, АИ-92 және АИ-93 маркалы бензиннің бағасы литріне 245 теңгені құрайды. Қазақстанда берілген жүргізуші куәлігін ұсынатын азаматтар үшін бағасы тәулігіне 100 литрге дейін тұтыну кезінде литріне 205 теңге болып қалады. Қазақстанда шығарылған мотоциклдерге, жеңіл және жүк көліктеріне, арнайы техникаға және автобустарға жүргізуші куәлігін және көлік құралын тіркеу куәлігін ұсынған азаматтар үшін де тәулігіне 300 литрге дейінгі көлем үшін литріне 205 теңге болады.


Оқи отырыңыз: "Жеткізу шығындарына байланысты қымбаттайды". ШҚО-да неге АИ-95 бензині сатылмағаны белгілі болды


Сонымен қатар, бұйрық жобасында дизель отынының бағасын литріне 315 теңге (жазғы, маусымаралық) деп белгілеу ұсынылған. Қазақстанда берілген жүргізуші куәлігін ұсынатын азаматтар үшін бағасы тәулігіне 100 литрге дейінгі көлем үшін литріне 295 теңге болады. Қазақстанда шығарылған жүк көліктеріне, арнайы көліктерге, мамандандырылған жеңіл көліктерге және автобустарға жүргізуші куәлігін және көлік құралын тіркеу куәлігін ұсынатын азаматтар үшін де тәулігіне 300 литрге дейінгі көлем үшін литріне 295 теңгеден болады.