Jusan Analytics зерттеуінше, алғашқы "бэби бум" өкілдері қазір 58-63 жаста екінші толқын өкілдері 32-36 жаста болса, үшінші "бэби бумерлердің" жасы әлі 8-ге де жетпейді екен. Олардың ішінде екінші толқын өкілдері Қазақстанда бір жағынан ең табысы жоғары, екінші жағынан тұтыну үлесі де бәрінен көп санатқа жатады. Мәселен, 31-35 жастағылардың орташа жалақысы 21-25 жастағыларға қарағанда 2 есе жоғары. Олар тұтынатын игіліктердің көлемі жылына 7,3 трлн теңгеге көп.

"20-29 жас аралығындағы жастардың саны 2.4 млн адамды құрайды. Олар көп емес. Бұған 1990 және 2000 жылдардың басында бала туудың төмендеп кеткені себеп болды. Бұл ұрпақтың сатып алу қабілеті төмен. Олардың ішкі нарықтағы үлесі қазір 17%-ды құрайды және алдағы 10 жылда тұтынушылық белсенділігі әрине, жоғарылайды. Бірақ нарықтың жалпы қозғалысына, даму барысына олардың ықпалы төмен. Өйткені, саны аз" делінген зерттеу жұмысында.


Оқи отырыңыз: Еңбекақы калькуляторы. Мектеп мұғалімдері мен балабақша тәрбиешілерінің айлығы қанша?


Қазақстанда еңбек өнімділігінің бәсеңдегеніне 20 жыл болған. 2002-2007 жылдары әлемдік қаржы дағдарысына дейін елімізде өнімділіктің орташа жылдық өсімі 8% болса, 2011-2014 жылдары 4,3%-ды, ал соңғы 5 жылда жылына 2.4%-ды ғана құраған. Мамандар алдағы 10 жылда өнімділіктің әрі қарай төмендеуі ықтималдығын алға тартып отыр.  

"Біздің деректер бойынша елімізде адамның тұтынушылық белсенділігі 40 жасқа дейін өседі. Өйткені бұл жасқа дейін оның жалақысы да өседі және сатып алушылыққа деген құмарлығы да басым болады. Ал 40 жастан кейін белсенділік біртіндеп төмендей бастайды. Саны да бір деңгейде тұрмайды. Мысалы, 30-39 жас аралығы тобындағы ұрпақ санының келесі 10 жылдықта 25%-ға қысқаруы – тұтыну көлемінен 3 трлн теңгені шегеріп тастаумен бірдей" дейді Jusan Analytics.


Оқи отырыңыз: "Кім кімді алдап отыр?" Сенат депутаты тиімсіз еңбек бағдарламаларын сынға алды


Зерттеу орталығы мамандарының бағалауынша, тұтыну белсенділігінің 40 жастан кейін төмендеуіне 2 негізгі фактор бар:

  • Табыс факторы. Тәжірибе молайып, мансап өскен сайын, жалақы да өседі. Мысалы, 20 жастан бастап, 40 жасқа дейін орташа жалақы шамамен 2 есе өседі. Ал 40 жастан кейін еңбек өнімділігінің біртіндеп төмендей бастауына байланысты жалақы да біртіндеп азаяды. Мысалы, 35-39 жастағылармен салыстырғанда 40-44 жастағылардың орташа деңгейдегі жалақысы 10%-ға, 45-49 жастағылардың жалақысы 24%-ға төмендейді.
  • Сатып алуға деген бейімділіктің төмендеу факторы. 40-49 жастағылардың сатып алушылық ынтасы 39-39 жастағыларға қарағанда 15%-ға төмен. Сәйкесінше, 41-45 жастағылардың тұтыну нарығындағы үлесі 12,5% болса, 61-65 жаста 4%-ды ғана құрайды.