Қазақстанда кейбір ресурстар интернетсіз жұмыс істей бастады
ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин интернеттің шектелу себебін түсіндірді. Айтуынша, террористік топтар іс-әрекеттерін жоспарлап, үйлестіру үшін байланыс құралдарын пайдалануда.
“Негізгі салаларды цифрландыру салдарынан көптеген адамдар қолма-қол ақшасыз қалды. Сондықтан біз Ұлттық банкпен, сондай-ақ басқа да банк және ұйымдармен бірге Интернеттің жоқтығына қарамастан, кейбір ресурстарды тәулік бойы қолжетімді ету механизмін жасадық”,–деп жазды Бағдат Мусин.
Қазірге сәтте “Халық Хоумбанк” пен “Каспидің” төлем сервистерін қолдануға болады. Басқа да банктерді қосу жұмысы атқарылып жатыр. Яғни интернет болмаса да, бұл қосымшалар қолжетімді болады.
Бірқатар ақпараттық ресурстар мен Ақорда сайты офлайн тәртіпте қолжетімді.
“Бүгін басқа да аса қажетті сервистерді іске қосу мәселесі шешіледі. Жұмыстар біртіндеп жүзеге асуда, әр ресурсты жеке-жеке қарастырып, арам пиғылдылардың пайдаланбауын қадағалап, қауіпсіздікті қамтамасыз ету қажет. Егер қандай да бір сервисті қосу бойынша ұсыныстар болса, пікір қалдырыңыздар”,– деп жазды Бағдат Мусин.
Министрдің айтуынша, президенттің бірнеше тапсырмасы орындалды.
- интернет өшірілгендіктен, адамдар дыбыс және смс трафигін пайдаланғандықтан, барлық абоненттерге тегін 200 смс пен 300 минут берілді.
- зардап шеккендер мен із-түссіз жоғалғандарды іздеу бойынша 1414 колл-орталығы негізінде тікелей желі ұйымдастырылды.
- байланыс операторларымен тығыз жұмыс істеудің арқасында азаматтарға SMS арқылы хабарландырулар мен жаңалықтар жолдануда.