Қазақстанда британдық және ресейлік шетелдік техникалық жоғары оқу орындарының екі филиалын ашу мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Олардың бірі АХҚО алаңында ашылады, деп хабарлады ҚР премьер-министрінің сайты.

Филиалдарда оқыту кадрлар даярлаудың басым бағыттары бойынша, сондай-ақ ел экономикасының қажеттілігін ескере отырып жүзеге асырылады.


Оқи отырыңыз: Қазақстандық студенттер пайдаланылған өсімдік майынан биоотын жасап шығарды


Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов қазақстандық тараптың беделді шетелдік университеттердің филиалдарын ашуға қажетті көмек көрсетуге дайын екенін атап өтті. Вице-премьер Білім және ғылым министрлігіне шетелдік университеттердің ұсыныстарын егжей-тегжейлі зерделей отырып, әлеуетті инвесторлармен келіссөздерді жеделдету жөнінде нақты тапсырмалар берді.

Сондай-ақ Австрия мен Түркия Республикасының инвестициялық компанияларының өкілдерімен денсаулық сақтау саласындағы инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелері бойынша кездесу өткізілді. Келіссөздер барысында көпбейінді аурухана ашу, сондай-ақ Қазақстанның денсаулық сақтау саласында инновациялық шешімдерді қолдану мүмкіндіктері қаралды.