"Қазақстан барысы" республикалық турнирі көрермен қатысуынсыз өтеді
Бұған дейін залдағы орын санының 20 пайызына дейін көрермен қатыстыруға рұқсат алынған болатын."Қазақстан барысы" республикалық турнирі көрерменсіз өтеді, деп хабарлады Қазақ күресін қолдау және дамыту қоры.
"Осыған дейін хабарлағанымыздай, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің келісімімен 20 пайыз көрерменге рұқсат алған болатынбыз. Алайда, дәл бүгінгі жағдай бойынша, Нұр-Сұлтан қаласында санитарлық-эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына, сондай-ақ, елорданың "қызыл аймақта" болуына байланысты турнирге көрермен кіре алмайтынын хабарлаймыз", – делінген Қордың баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Турнир Qazaqstan және Qazsport телеарналары арқылы тікелей эфирде көрсетіледі.
Оқи отырыңыз: "Қазақстан барысы" республикалық турнирі елордада 4 шілдеде өтеді
Айта кетейік, қазақ күресінен "Қазақстан барысы" республикалық турнирі 4 шілде күні Нұр-Сұлтан қаласы, Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өтеді. Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен облыстарда өткен іріктеу жарыстарынан 37 балуан жолдамаға ие болды.
Жеңімпаз атанған балуанға 25 миллион теңге және алтын белбеу мен алтыннан құйылған ауыспалы "тайтұяқ" табысталады. Екінші орынға 5 500 000 теңге және үшінші орынға 1 800 000 теңге табысталып, жүлдегерлер күміс және қола белбеумен марапатталады.