Қазақ радиосының мұрағаты оқушылар мен студенттерге қолжетімді болады
Ақпарат және даму министрлігінің қолдауымен Қазақ радиосының «Алтын қор. Аманат» аудиожинағы жарыққа шықты."Аманат" аудиожинағына "Алтын қордағы" құнды хабарлар мен қазақ ән-күй өнерінің інжу-маржаны енгізілген. Жинаққа 1954 жылдан бергі сақталған түпнұсқа аудиолар енгізілді. "Қазақстан" телерадиокорпорациясының "Алтын қорында" 1940 жылдарынан бері сақталған 110 мыңнан аса тарихи-жәдігерлік бейне және аудиотаспа сақталған. Таспалардың жалпы ұзақтығы 42 мың сағатты құрайды.
Аудиожинақ "Дәуір үні", "Атадан қалған асыл сөз", "Батырлар жыры", "Ән өнері", "Күй", "Салт-дәстүр" және "Ертегі" деп аталатын 7 бөлімнен тұрады.
Аудиожинақтың басты ерекшелігі – ұсынылған туындылар арнайы флэш-кардқа жазылған: әр бөлімнің соңындағы QR-код арқылы радио сайтынан және Корпорацияның altynqor.com порталынан жинақтың электронды нұсқасын тыңдауға болады.
Аталған бірегей материал мектеп оқушылары мен студенттерге қолжетімді болуы үшін облыс орталықтары мен еліміздің жоғары оқу орындарындағы кітапханаларға жеткізіледі деп жоспарлануда. Бұл Тәуелсіз Қазақстанның өсіп келе жатқан жас буынына мәдени мұраларды насихаттауға да үлес қосады.