20 желтоқсаннан бастап қаңтар айында өтетін ҰБТ-ға өтініш беруге болады. Ол 6 қаңтарға дейін жалғасады. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі хабарлады.

Өтінішті Ұлттық тестілеу орталығының ресми сайтында беруге болады. Тестілеудің өзі 10 қаңтар мен 10 ақпан аралығында өтеді. Талапкерлер тестілеу өтетін күнді және уақытты, орынды өзі таңдайды.

"Қаңтардан бастап "Информатика мұғалімдерін даярлау", "Ақпараттық технологиялар", "Ақпараттық қауіпсіздік" білім беру бағдарламалары топтарына түсушілер ҰБТ-ны "Математика-Информатика" комбинациясы бойынша тапсырады. Тестілеуге дайындықты жақсарту мақсатында біз оқу жылының басында информатика бойынша ҰБТ-да кездесетін терминдер тізімін жарияладық. Тестілеу барысында қазақ тілінде тапсырушылар үшін терминдердің орысша және ағылшынша, орыс тілінде тапсырушыларға қазақша және ағылшынша, ағылшынша тапсырушыларға қазақша және орысша аудармасы ұсынылады. Сондай-ақ, барлық талапкерлер үшін тестілеуде компьютер экрандарында калькулятор, Менделеев және ерігіштік кестесі қолжетімді болады", – деді ҚР ҒЖБМ Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.


Оқи отырыңыз: ҰБТ-2023: Менделеев кестесін қағазға шығарып пайдалануға рұқсат беріледі


Еске салайық, қаңтардағы ҰБТ-ға шартты түрде ақылы негізде күндізгі оқу нысаны бойынша жоғары оқу орындарына қабылданған, жазғы ҰБТ нәтижелері бойынша шекті балл жинамағандар, шығармашылық ҰБТ-дан басқа дайындық бағыттарына, педагогикалық бағытқа ақылы негізде ауысқысы келетіндер, сондай-ақ мектеп бітіретін түлектер жоғары оқу орындарына ақылы негізде түсу үшін қатысады.