Қандастарға мемлекеттен қандай көмектер беріледі?
1991 жылдан бері Қазақстанға 1 млн 96,9 мың этникалық қазақ оралды.Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, жыл басынан бері 9 077 этникалық қазақ Қазақстанға оралып, қандас мәртебесін алды. Оларға қоныс аударуға және тұрғын үйді жалдауға мемлекеттен субсидия қарастырылған Одан бөлек, жұмыспен қамтуға көмек көрсетіліп, өзге де жеңілдіктер беріледі.
Қандас мәртебесін алуға немесе ұзартуға, сондай-ақ қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізуге өтінішті этникалық қазақтар жергілікті атқарушы органдарға, "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" КЕАҚ-ға және Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелеріне бере алады.
Қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасы ҚР Үкіметі қандастарды қоныстандыру үшін айқындаған өңірлерге бөлінеді. Олар:
- Ақмола облысы;
- Атырау облысы;
- Шығыс Қазақстан облысы;
- Батыс Қазақстан облысы;
- Қостанай облысы;
- Павлодар облысы;
- Солтүстік Қазақстан облысы.
Оқи отырыңыз:
- EGov.kz арқылы қандас мәртебесін алуға болады
- Елге оралған қандастар жинайтын құжат саны жиырмаға қысқарады
Бұл ретте өңірлік квотаға енгізілген қандастарға көшуге (отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК-тен біржолғы төлем) және 12 ай ішінде жалдау шығыстарын жабуға және коммуналдық қызметтерді төлеуге (отбасына 15-тен 30 АЕК-ке дейінгі мөлшерде) субсидия түрінде мемлекеттік қолдау шаралары қолжетімді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, қандас мәртебесін алған этникалық қазаққа келесі қызметтер қолжетімді:
- ел аумағына кіру кезінде көлік құралдарын қоса алғанда, жеке пайдалануға арналған мүлікке кедендік төлемдерді төлеуден босату;
- қандастарды бейімдеу және ықпалдастыру орталықтарында тегін бейімдеу және ықпалдастыру қызметтерін қамтамасыз ету;
- техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білім беретін оқу ұйымдарына оқуға түсуге квота шеңберінде білім алу (Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ адамдар үшін квота 4% мөлшерінде белгіленген);
- Қазақстан азаматтарымен тең жағдайда жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларымен қамтамасыз ету;
- мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алуға өтініш беру мүмкіндігі.
Бұдан басқа елде тұрақты тұратын қандастар жеңілдетілген тәртіппен (тіркеу тәртібімен) Қазақстан Республикасының азаматтығын ала алады.