Қандай жол-көлік оқиғасы кезінде полиция шақырмаса болады?
Кішігірім апат кезінде сақтандыру төлемін алу үшін сотқа жүгінудің қажеті жоқ.Енді кішігірім жол көлік оқиғалары мен сақтандыру төлемдері полицейлердің қатысуынсыз реттеледі. Сол арқылы апат салдарынан зардап шеккен тарап сақтандыру төлемдерін ертерек өндіруге мүмкіндік алып отыр, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Президент таяуда бірқатар өзгертулер енгізілген сақтандыру нарығына қатысты заңға қол қойған. Бұл мәселе былтырдан бері талқыланып келген еді. Себебі, қолданыстағы заң бойынша жол көлік оқиғасын ресімдеу – өте ұзақ процесс. Яғни, алдымен оқиға орнына патрульдік полиция келіп хаттама толтырады.
"Сосын апатты жағдайға тап болған жүргізушілер медициналық мекемеге барады, кім кінәлі екенін анықтау үшін соттың көмегіне жүгінеді. Ал осыдан соң бір-бір жарым айдан кейін сақтандыру төлемдеріне қол жеткізетін. Енді бұл процесс айтарлықтай жеңілдетіліп отыр. Өйткені, кішігірім апат болған жағдайда полицейлерді шақыртудың қажеті жоқ. Әрі сақтандыру төлемдерін де сотқа жүгінбей-ақ ала алады. Бәрі онлайн, арнайы мобильді қосымша арқылы жүзеге асады", – делінген арнаның хабарламасында.
Оқи отырыңыз:
- "Жол белгісін қазанға қақпақ етеді". Көлік апатының жиілеуіне не себеп?
- 15 минут ессіздік. "Жол гипнозының" симптомдары қандай және оның қалай алдын алуға болады?
Мұндай тәсіл әлем елдерінің тәжирибесінде бар. Сарапшылар ақылдасып, еурохаттама жүйесін негізге алуды жөн деп шешті. Бірақ, ол үшін бірнеше талап сақталуы керек. Оның біріншісі – жол көлік оқиғасында жәбірленушілер болмауы тиіс. Сәйкесінше, автомобильдердің зақымданғаны ғана ескеріледі.
Сондай-ақ, апатқа түскен көлік саны екіден аспағаны маңызды. Тараптар өзара келісім жасаған соң қолданыстағы полистерге өздері туралы толық ақпаратты енгізеді. Ал келтірілген залалдың шекті мөлшері – сақтандыру төлемінің ең жоғары сомасына тең болуы шарт.