Израиль әскері Газада гуманитарлық миссия құрамындағы 15 медицина қызметкерін қателесіп атып өлтіргенін мойындады, деп хабарлайды 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Олар қаза болғандардың қатарында ХАМАС ұйымымен байланысы бар адамдар болған деп отыр. Алайда мәліметті растайтын дәлел келтірмеді. Бұл туралы BBC телеарнасы хабарлайды. 

Қайғылы оқиға 23 наурызда болған. Сол түні Қызыл Жарты Ай палестиналық ұйымының жедел жәрдем көлігі, Біріккен ұлттар ұйымы мен Газа азаматтық қорғанысының өрт сөндіру машинасына шабуыл жасалған. 

Израиль тарапы алғашында түнде жарық шамын қоспай келе жатқан көліктерге оқ аттық деп ақталған. Алайда көз жұмған фельдшерлердің бірі түсіріп үлгерген бейнежазбада көмек көрсетуге бара жатқан көліктердің жолда жарықты жағып келе жатқаны және ішіндегілердің қарусыз отырғандары анық көрінеді. 

Қызыл Жарты Ай және басқа да халықаралық ұйымдар дабыл қағып, әділ тергеу жүргізуді талап етіп отыр.