IT мамандығында оқитын студенттер ақы төленетін тағылымдамадан өте алады
Өтінімдер 15 тамыздан бастап қабылданады."Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы жаңа Smart Start жобасы аясында IT мамандықтары бойынша білім алатын студенттер тағылымдама ұсынып отыр. Бұл жоба мемлекеттік қызметтер көрсету процесін одан әрі цифрландыру бойынша жұмысты жалғастыру мақсатында қолға алынған.
Іріктеуден өткен студентер уақытша жұмысқа орналасып, еңбегі үшін ақы алады. Ал тағылымдама қорытындысы бойынша үздік деп танылғандар тұрақты жұмысқа қабылданады.
Жоба екі кезеңде өтеді:
- Бірінші кезең – өтінімдерді қабылдау (15 тамыз-15 қыркүйек аралығына дейін). Үміткер бірінші кезеңге қатысу үшін арнайы өтінімді толтыруы қажет, оны Мемлекеттік корпорацияның ресми сайтынан жүктеп алуға болады. Одан кейін түйіндеме, оқу орнынан анықтама, GPA транскрипті және "Неге мемлекеттік корпорацияда жұмыс істегім келеді және болашақта компанияға қандай пайда әкелемін" тақырыбына эссе (2 беттен артық емес, Times New Roman, 14) талап етіледі. Өтінім мен қажетті құжаттарды мына i.rakhimova@gov4c.kz сілтеме бойынша жіберуге болады.
- Екінші кезеңде қатысушыларға қабілеттерін тестілеу, ал қорытынды үшінші кезеңде сараптау комиссиясымен әңгімелесу жүргізіледі. Мемлекеттік корпорация ақтық кезеңнің қорытындысы бойынша жеңімпаздарға жобалар менеджері, өнім талдаушылары, backend/frontend әзірлеушілер мен жүйелік әкімшілердің позицияларын ұсынады.
Оқи отырыңыз: Халық мемлекеттік қызмет көрсету сапасын қалай бағалайды?
"Біздің болашақ тағылымдамашылар түрлі сервистер мен метрикаларды әзірлеп, деректерді жинап және оларды талдайтын болады. Олар Smart Start шеңберінде IT-өнімдерді әзірлеу бойынша оқудан өтіп, дағдылары мен біліктілігін арттырады, сондай-ақ нақты кейстермен жұмыс істейді", – делінген "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының ресми хабарламасында.