IT дағдыларын тегін үйрететін 20 инновациялық мектеп ашылады
Бағдат Мусин аталған мектепте кез келген адамның білім ала алатынын айтты.Алдағы бес жыл ішінде бағдарламалаудың 20 инновациялық мектебі ашылады. Онда IT дағдыларын үйренгісі келген кез келген қазақстандық білім ала алады, деп мәлімдеді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин.
Қазіргі таңда елде осындай екі мектеп бар.
"IT саласының үш негізгі элементтерінің бірі адам капиталын нығайту. Математикалық және аналитикалық ойлау қабілеті бар, бағдарламалау тілін білетін адамдар біздің сала үшін аса маңызды. Мәліметтерге анализ жүргізуді талап ететін тағы басқа мамандықтар өте көп. Екінші міндетіміз – бұл жобаларды акселерациялау. IT саласында бизнес жүргізуге дайын болу үшін кәсіпкерлер немесе стартаптарға акселерация арқылы көмек көрсету. Үшіншісі – қажетті деңгейде қаржымен қамтамасыз ету. Осы үш блок дұрыс жұмыс істеген жағдайда 2025 жылы 50 млн доллар экспортты қамтамасыз ету мақсаты орындалады", – деді Бағдат Мусин.
Сондай-ақ, министр осы мақсатты жүзеге асыру үшін екі жыл бойы IT негіздерін үйрететін тегін мектептер ашылатынын айтты. Мұнымен қатар, ол алда ғылыми экожүйенің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мәселесі тұрғанына тоқталды.
"Бағдарламалаудың 20 инновациялық мектебі құрылады. Бұл – ЖОО, колледж емес, нақты бағдарламалаудың инновациялық мектептері. Ол екі жыл ішінде жоғары санаттағы мамандарды әзірлейді. Бүгінгі таңда елде мұндай екі мектеп бар. Сол жерден шыққан түлектер Қазақстанда отырып үлкен Big Tech компанияларда жұмыс істеп жатыр. Жалпы инновациялық мектептерге стимуляция болуы үшін 20 мың грант бөлінеді. Бұл – грант емес, ваучерлер. Оған мектепті жаңа бітірген оқушылар мен студенттер ғана емес, мамандығын өзгертіп, IT дағдыларын үйренгісі келген кез келген адам тапсыра алады. Бүгінгі таңда ЖОО-да оқып шығатын мамандардың біліктілігі айтарлықтай жоғары емес. Сол себепті бұл біздің ортақ проблемамыз", – деп қосты Бағдат Мусин.