Ипотека шартынан бірлесіп қарыз алушы адамды қалай шығаруға болады
Ол үшін негізгі қарыз алушы адамның ипотеканы төлеу мерзімі аяқталатын кездегі жасы 70 жастан аспауы керек.Ашық диалог порталында Отбасы банкінің салымшысының ипотека шартынан бірлесіп қарыз алушыны қалай шығаруға болатынын жөнінде сауалы жарияланды. Соған орай, "Отбасы банк" АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимованың жауабында оның жолдары түсіндірілген.
Бірлесіп қарыз алушының ипотека шартынан шығару үшін негізгі қарыз алушы адам дербес төлем қабілетін растауы қажет. Яғни, өзінің жеке табысы ипотеканы өтеуге жеткілікті болуы тиіс.
Төлем қабілетін есептеу үшін банк бөлімшесінің посткредиттік бөліміне барып (жұмыс күндері сағат 09.00-ден 16.00-ге дейін), өтініш жазу керек. Өтініш күнтізбелік 15 күн ішінде қаралады. Бұл қызмет үшін комиссия ұсталады, оның мөлшері несиенің берешек қалдығының 1 пайызына тең.
Оқи отырыңыз: Зейнетақы жинағы салынған ипотеканы неге онлайн жабуға болмайтынын Отбасы банкінің басшысы түсіндірді
Өтінішті ресімдеуге қажет құжаттар:
- қарыз алушының және оның жұбайының жеке басын куәландыратын құжат;
- некеге тұру/бұзу туралы куәлік;
- қайтыс болу туралы куәлік;
- балалардың туу туралы куәлігі;
- жұмыс орнынан табыс көзін анықтайтын, барлық ұстап қалуларды көрсете отырып, жалақы туралы анықтама (соңғы 7-13 ай үшін);
- соңғы 6 немесе 12 айдағы қарыз алушы мен жұбайының зейнетақы аударымдары туралы үзінді-көшірме, БЖК/ЕGOV-тан (ХҚО), "Бірінші кредиттік бюро" ЖШС-дан есеп құжатын беру.
Банк бұлардан өзге де қосымша құжаттар сұратуы мүмкін.
Егер негізгі қарыз алушының жасы ипотеканы төлеу мерзімі аяқталатын кезде 70 жастан асатын болса, бірлесіп қарыз алушы адамды ипотека шартынан шығару мүмкін емес. Сонымен қатар, оны ауыстыру мүмкіндігі де қарастырылмаған.