Интернет алаяқтарына 10 млн теңге айыппұл салынады. Заң жобасында қандай өзгерістер бар?
ІІМ дерегінше, пандемия кезінде Қазақстанда интернеттегі алаяқтық қылмыстар саны 2 есе өскен.Ашық НҚА порталында "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық-атқару кодекстерін оңтайландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" ҚР заң жобасы жарияланды. Жария талқылау 23 қаңтарда аяқталады.
Заң жобасында Қылмыстық кодекстің 190-бабына, яғни интернеттегі алаяқтық қылмыстар бойынша өзгерістер енгізу көзделген.
"Алаяқтық, яғни бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемдену – мүлкі тәркіленіп, 3 мың АЕК дейiнгi мөлшерде (2023 жылы – 10 350 000 теңге) айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 800 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады", – делінген жаңа редакцияда.
Ал бірнеше рет алаяқтық жасаса мүлкi тәркiленіп қана қоймай, ұрланған мүліктің екі еседен үш есеге дейінгі мөлшерінде айыппұл салынады.
Оқи отырыңыз:
- Телефон алаяқтары көбейді. Оларды қалай анықтауға болады?
- Қазақстанда пара алғандар енді 20 есе айыппұл төлейді
Қазіргі редакцияда "Алаяқтық" бабы үшін 1 000 АЕК дейiнгi мөлшерде айыппұл салынады не 600 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартылады.
Сондай-ақ, аталған заңның 190-баптың екінші тармағына "Интернет желілері" термині енгізілмек. Енді интернетте алаяқтық жасағандарға осындай жаза қолданылады.