Иманғали Тасмағамбетов: Бұл – Тәуелсіздікке жасалған опасыздық
Ол барша қазақстандықты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа қолдау көрсетуге шақырды.Мемлекет қайраткері Иманғали Тасмағамбетов қазақстандықтарға үндеу жасады.
"Осынау қаңтардың қаһарлы күндері елімізде, оның ішінде айналайын ақ Алматымыздың басына түскен қаралы күндері орын алған дүрбелеңде Өздеріңізге үн қатуды азаматтық парызым деп білемін. Өкінішке орай, осы күндері қаза тапқан азаматтар аз емес. Олардың отбасылары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамын", – деді Иманғали Тасмағамбетов.
Ол елдің ежелден еңбек пен ерлікті, жігер мен ерікті ту еткен текті халық екенін, "бас кеспек бар болса да, тіл кеспек жоқ" деп өз тілегін тілімен, сөзімен жеткізген жұрт екенін айтты. Сондықтан да бұл күндері кей өңірлерде басталған шерулер бейбіт сипатта, әділетті талаппен болды.
"Десе де, арнайы дайындалған арандатушылар мен содырлар жағдайды пайдаланып кетті. Нәтижесінде, "Тәуелсіздіктің тал бесігі" саналатын алып шаһарды қантөгістің алаңына айналдырды. Бұл жәй ғана қылмыс емес. Бұл жауыздық! Отанға, Тәуелсіздікке жасалған опасыздық! Қарапайым азаматтарымызға жасалған қатігездік!" – деді мемлекет қайраткері.
Иманғали Тасмағамбетов мұндайда ел болашағы үшін жауапкершіліктің ауыр жүгі Мемлекет басшысының мойнында екенін айтып, ал дәл қазір Президент әр азаматтың, әр отбасының, тұтас қоғам қауіпсіздігінің жалғыз кепілі деп атап өтті. Осы орайда, барша қазақстандықты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа қолдау көрсетуге шақырды.