"Ифтар емес – ауызашар, сухур емес – сәресі". Бас мүфти діни терминдерді қазақша айтуға шақырды
Бас мүфти Рамазан айында "ифтар", "сухур" секілді діни терминдердің орнына, дәстүрлі "ауызашар", "сәресі" сөздерін қолдануға шақырып отыр, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
"Өкінішке қарай, кейбір жас буын өкілдерінің ауызашарды ифтар, сәресін сухур деп айтып жүргені көңілге қаяу түсіреді. Сан ғасырдан бері мұсылмандық жолды ұстанған ата-бабаларымыз ауызашар, сәресі деген сөздерді қолданған. Біз де бабалар жолын ұстанған ұрпақ ретінде өзге тілден енген діни терминдерден барынша арылуымыз керек", – деді ол.
Айта кетейік, биыл қасиетті Рамазан айы 1 наурызда басталып, 29 күнге созылғалы отыр. Демек, 30 наурыз – Ораза айт мерекесі. Ал қадір түні наурыз айының 26-нан 27-іне қараған түнге түсіп тұр. Сонымен қатар ғұламалар пітір садақасын екі келі ұнның орташа бағасы негізінде 655 теңге деп бекіткен.
Жолаушылар, науқас жандар мен сырқаты асқынып кетуінен қауіптенген адамдар, сонымен қатар жүкті немесе емізулі баласы бар әйел адамдар ораза ұстауды кейінгі уақытқа қалдыруына болады. Оған шариғатымыз рұқсат еткен. Ислам діні ауыз бекітуге, зекет пен садақа беруге шамасы келмейтін адамдарды ауыртпалықтан босатқан.