Күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу мерзімі ҚР Қылмыстық-процестік кодекстің 45-бабы, 7-тармағы, 3-тармақшасы негізінде тоқтап тұр. Бұл туралы Kazinform агенттігі хабарлайды.

"Аталған факті негізінде биыл шілде айында Астана қаласы Есіл ауданы полиция басқармасы Қылмыстық кодекстің 293-бабы, 1 бөлімі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізді. Шілде айының 12 күні аталған адамды күдікті деп танып, оның іс-әрекетін ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабы, 2-бөлім, 2-тармақшасы бойынша бағалау жөнінде арнайы қаулы шығарылды", – деп жазылған Kazinform агенттігінің ресми сауалына берілген жауапта.

Кейін Астана қаласы мамандандырылған ауданаралық соты күдіктіні қамауға алу шарасын санкциялады.

Шілде айының соңында күдіктіге халықаралық іздеу жарияланды.

"28 тамызда күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу мерзімі ҚР Қылмыстық-процестік кодекстің 45-бабы, 7-тармағы, 3-тармақшасы негізінде тоқтатылды", – деді министрлік.

Одан бөлек, ІІМ баспасөз қызметінің қызметкері Бейбіт Шүменовті іздеу тоқтатылған жоқ екендігін, оны ұстағанға дейін іс жүргізу тоқтап тұрғанын айтты.


Оқи отырыңыз: Ішкі істер министрлігі боксшы Бейбіт Шүменовті іздеп жатыр


Еске салсақ, биыл шілдеде қазақстандық боксшы Бейбіт Шүменов көпшілік орында баласы бар ер адамға жұдырық ала жүгірген. 

Содан соң Бейбіт Шүменов дәмханадағы оқиғаның қалай болғанын айтып берді. Кейін оған халықаралық іздеу жарияланды.