Халық емі немесе медицина. Қайсысына сенген дұрыс?
Ұлттық медицина қауымдастығының президенті Айжан Садықованың айтуынша, халық емшілерінің дәстүрлі медициналық білімі болуы керек.Дертті емдейтін дәстүрлі медицина мен халық емшілерінің арасындағы бәсекелестік әлі бар. Бас ауырып, балтыр сыздағандарды өз бетінше емдейтіндер шынымен де медицина мамандарымен теңесе ме, ал заман көшімен дамып келе жатқан дәрігерлердің пікірі қандай? Бұл сауалға "31 арнаның" "Информбюро" ақпарат агенттігі жауап іздеді.
Бірнеше жыл бұрын басы ауырып, жағдайы нашарлаған алматылық Шамнұр Күлпешова ем іздеп, әуелі халық емшілеріне барған. Дегенмен одан денсаулығы түзеле қоймаған. Керісінше, әлсірей бастағанын сезген.
Содан кейін дәстүрлі медицина мамандарына барып, арнайы тексеруден өткен. Бір қызығы, екі маманның қойған диагнозы екі түрлі болып шықты.
"Сәйкес келмеді. Өйткені ол кісі маған бір шөптерді жазды, оқыды, болды. Содан кейін дәрігерлерге бардым. Менің басымда "гиста" болды. Соларды емдеді. Кейде біз балаларымыз ауырған кезде апарамыз ғой, дұрыс па? Кішкене оқытып жіберуге, түкіртіп алуға. Бір шетінен оған да сенеміз", – дейді Шамнұр Күлпешова.
Сан ғасырдан бері келе жатқан емшілердің науқасты емдегенде пайдаланар тәсілі жетерлік. Бірі шөппен емдесе, енді бірі суды қолданады.
"Халық емшілерінен пайда көріп жатқаннан кейін және жақындарының сауығып кетіп жатқанын көргеннен кейін, барып емделіп жатқандар бар", – дейді Қазақстан халық емшілері қауымдастығының аймақ басшысы Жанболат Сәрсенбай.
Ал ұлттық медицина қауымдастығының мамандары халық емшілерінің арасында медициналық білімі жоқ азаматтар да бар екенін айтады. Шөп дәрілер қандай мақсатта және қалай қолданылатынын білмесе, дерт одан бетер асқынуы мүмкін.
Ұлттық медицина қауымдастығының президенті Айжан Садықованың айтуынша, халық емшілерінің де дәстүрлі медициналық білімі болуы керек. Емшілерден ем алған жұрттың арасынан ауруы асқынып келетіндер де бар.
"Тұрғындардың көпшілігі дәрілік шөптерді қалай қолдану керек екенінен бейхабар емшілерге барады. Ал ұтымды сәтті пайдаланғысы келгендер, аурудың диагнозын таппастан өтірік емдейді. Сондықтан емшілердің медициналық білімі болуы қажет. Бұл заңда да жазылған. Ал қазір заманауи технология дамыған заманда дәрігерлермен қатар қою қиын, әрине", – дейді Айжан Садықова.
Денсаулық сақтау министрлігі халық емшілігі медицинамен теңестірілмейтінін жеткізді. Министрлік жалпы жұртқа зиян тигізбес үшін, емшілерге сәйкес белгілі бір нормалардың әзірленіп жатқанын хабарлады.