Мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша білім алған Қазақстан Республикасының азаматтарын жұмысқа жіберу тәртібі жаңарады. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігінің бұйрық жобасында жазылған.

Үкімет айқындаған өңірлерге қоныс аударған ауыл жастарына арналған квота талабы бойынша, педагогикалық, медициналық, ветеринариялық және ауыл шаруашылығы мамандығы бойынша оқуға түскен ауыл жастары жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымын бітіргеннен кейін үш жыл ауылда қызмет етіп, оқу ақысын еңбекпен өтеуі керек.

Оның ішінде педагогикалық, техникалық және ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша білім алған ауыл жастары оқу ақысын 11 өңірдің бірінде кемінде екі жыл жұмыспен өтеуі керек. Атап айтқанда:

  1. Ақмола облысы;
  2. Ақтөбе облысы;
  3. Атырау облысы;
  4. Абай облысы;
  5. Батыс Қазақстан облысы;
  6. Қарағанды облысы;
  7. Қостанай облысы;
  8. Павлодар облысы;
  9. Солтүстік Қазақстан облысы;
  10. Ұлытау облысы;
  11. Шығыс Қазақстан облысы.

Ал денсаулық сақтау саласындағы ғылыми ұйымдарды бітірген ауыл жастары кемінде 3 жыл білім беру ұйымдарында және денсаулық сақтау ұйымдарында жұмыспен өтеуге тиіс.

Мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде басқа мамандықтар бойынша білім алған азаматтар оқу бітіргеннен кейін кемінде 3 жыл меншік нысанына қарамастан ұйымдарда жұмыспен өтеуге міндеттелген.


Оқи отырыңыз: Білім грантының бағасын арттыру жоғары оқу ақысына әсер ете ме? Министр жауабы


Сонымен қатар, докторантура бағдарламасы бойынша:

  • докторантурада білім алған азаматтар кемінде 3 жыл мемлекеттік органдарда немесе жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымында немесе ғылыми ұйымдарда жұмыспен өтейді.
  • философия докторы (PhD) бағдарламасы бойынша докторанттар оқуды аяқтағаннан кейін кемінде үш жыл жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымында немесе ғылыми ұйымдарда жұмыспен өтейді.

Сондай-ақ ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуын айқындайтын білім беру бағдарламалары бойынша оқуға ауыл жастары, Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ адамдар, кәмелеттік жасқа толғанға дейін ата-анасын жоғалтқан немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жастар, Үкімет айқындаған өңірлерге қоныс аударған ауыл жастары, кәмелетке толмаған төрт және одан көп бала тәрбиелеп отырған отбасылардағы балалар және кемінде 3 жыл толық емес отбасы мәртебесі бар отбасылардағы балалар:

  • ақылы негіздегі оқудан мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша оқуға ауысқан;
  • мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша оқудан ақылы негіздегі оқуға ауысқан;
  • ағымдағы немесе келесі оқу жылы ішінде кейіннен қайта қабылдау шартымен оқудан шығарылған жағдайда мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша оқыған уақытқа мөлшерлес жұмыспен өтейді.

Оқи отырыңыз: Жоғары оқу орнынан кейінгі білім алатын студенттер оқу ақысын несиемен өтей алады


Құжатты жария талқылау мерзімі – 26 сәуірге дейін.