Ғылым министрі қандай жағдайда екі университетте қатар оқуға болатынын түсіндірді
Студенттерге қай уақытта қашықтан оқуға рұқсат етіледі?Қандай жағдайда екі университетте қатар білім алуға болады? Бұл туралы "Ашық диалог" порталында қазақстандық студенттердің бірі ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектен сұрады.
Министрдің түсіндіруінше, Қазақстанда қос дипломдық білім беру бағдарламасы бар. Алайда, мұндай бағдарламалар тек серіктес университеттердің арасында және екі тараптың келісімімен ғана жасалады. Бұл жағдайда тараптар бағдарлама мақсаты мен мазмұнын бірге айқындайды және студент оқубітірген соң екі жоғары оқу орнының да дипломын алады.
Бірақ, студенттің аталған бағдарламадан тыс, өз қалауынша екі университетке қатар түсіп, білім алуына рұқсат жоқ.
Саясат Нұрбек, сондай-ақ сұраққа орай, қазақстандық студенттерге қандай жағдайда қашықтан білім алуға рұқсат берілетінін түсіндірді.
- денсаулық жағдайы туралы дәрігерлік-консультациялық комиссияның қорытындысы бар студенттерге;
- халықаралық, республикалық оқу-жаттығу жиындарына, спорттық жарыстарға, зияткерлік-шығармашылық конкурстар мен фестивальдерге қатысушыларға белгілі бір мерзім шеңберінде қашықтан оқуға рұқсат етіледі.
"Педагогикалық ғылымдар, құқық, хореография, аспаптық орындау, авиациялық техника мен технологиялар, құрылыс, теңіз техникасы мен технологиялары, денсаулық сақтау, әскери іс, ветеринария саласындағы кадрларды даярлау үшін оқытудың барлық кезеңінде пәндердің жалпы санынан 20 пайыздан аспайтын көлемінде қашықтан оқытуға ауыстыру көзделеді. Оқытудың басқа бағыттары бойынша оқыту үшін оқудың барлық кезеңіне пәндердің жалпы санының 50 пайызынан аспауы керек", – деп толықтырды министр.