Ғалым Шәмшә Беркімбаева дүние салды
Ол 80 жасқа қараған болатын.Қоғам қайраткері, ғалым, бұрынғы білім және ғылым министрі Шәмшә Беркімбаева дүниеден озды. Ақпаратты Білім және ғылым министрлігі растады.
"Педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент, академик Шәмшә Көпбайқызы еліміздегі білім мен ғылым саласының дамуына үлкен үлес қосты. Шәмшә Көпбайқызы ауыл мектептерін дамытуға және дарынды балаларды қолдауға жағдай жасауға ерекше көңіл бөлді", – деп жазды білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.
Шәмшә Беркімбаева мектеп директоры, Білім министрінің орынбасары, Сенат депутаты, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогика институтының ректоры, Білім және ғылым министрі қызметтерін атқарған.
Ол Халықаралық педагогикалық Білім академиясының академигі, "ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері", "ҚР ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін" белгілерінің иегері.