Фумио Кишида: "Орталық Азия + Жапония" диалогін одан әрі нығайтудың уақыты келді
Қазақстандағы су тасқыны кезінде біз бөгеттер мен су қоймаларының мамандарын шұғыл аттандырдық, деді Жапония премьері.Жапонияның премьер-министрінің қазақ тіліндегі мақаласы бүгін Egemen Qazaqstan басылымында жарық көрді. Ол бұл мақаласында жиырма жылдан бері жалғасып келе жатқан "Орталық Азия + Жапония" диалогін жаңа деңгейге шығаруды ұсынған.
"20 жыл ішінде тұрақты жалғасып келе жатқан "Орталық Азия + Жапония" диалогі аясында өткен көптеген саяси диалог пен жеке алмасулар бүгінде екі тарапты байланыстырып тұрған берік негізге айналды. Қазіргі кезеңде Орталық Азия тұрақты экономикалық дамуға қол жеткізіп, Еуропа мен Азияны байланыстыратын сауда жолы ретінде маңыздылығын арттырады. Сонымен бірге біз Орталық Азия мемлекеттеріне халықаралық жағдайдағы өзгерістердің түрліше әсер ететінін де түсінеміз. Орталық Азия төңірегінде тосын жағдайлар жиілей түскендіктен, заң үстемдігіне негізделген еркін де ашық халықаралық тәртіпті қолдайтын және нығайтатын серіктес ретінде "Орталық Азия + Жапония" диалогін одан әрі нығайтудың уақыты келді деп білеміз", – деді Фумио Кишида.
Ол, сондай-ақ Жапония мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастық мәселелеріне де тоқталған. Ол биыл Қазақстандағы алапат су тасқыны кезінде Жапония бөгеттер мен су қоймаларының мамандарын шұғыл аттандырумен бірге одан кейін де тасқын зардабын жою мен мүмкіндігінше тезірек қалпына келтіру мақсатында ынтымақтастық қарым-қатынас орнатқанын атап өтті.
"Табиғи апаттардың алдын алу бағытындағы мамандарды Жапонияға шақырып, түрлі мәселелерге қатысты өзара пікір алмасулар жүргізілді. Одан бөлек, ядролық сынақтардан зардап шеккен Семей қаласына медициналық көмек көрсетіп, денсаулық сақтау саласы қызметкерлерін оқытып келеміз. Сонымен қатар Жапония өзінің халықаралық ынтымақтастықтағы бұрынғы тәжірибелеріне сүйене отырып, Қазақстанның аймақтық даму саласындағы ынтымақтастықты жүзеге асыратын KazAID халықаралық даму агенттігіне, оның қызметкерлерінің әлеуетін арттыруға қолдау көрсетті", – деді Жапония премьер-министрі.
Еске салайық, 8 тамызда Жапонияның Кюсю аралы маңында жойқын жер сілкінісі болып оның цунами тудыруына байланысты Фумио Кишида Орталық Азия сапарынан бас тартты. Бұл сапар аясында ол Қазақстан, Өзбекстан және Млңғолияға келуі тиіс болатын.
Оқи отырыңыз: Премьер Японии отменил поездку в Центральную Азию из-за землетрясения