Еуразия банкі тәртіпсіздіктер кезінде көз жұмған әскерилердің отбасылық несиесін кешіреді
Банк қаңтардың 5-19-ы аралығында клиенттерге несиесі бойынша айыппұл мен өсімпұл салмайды.Еуразия банкі елдегі тәртіпсіздіктер кезінде көз жұмған құқық қорғау органдары қызметкерлері мен әскерилерге көмек көрсетеді. Бұл туралы банктің баспасөз қызметі хабарлады.
Сондай-ақ, 2022 жылдың 5-19 қаңтары аралығында клиенттерге несиесі бойынша айыппұл мен өсімпұл салмайды.
"Тәртіпсіздіктер кезінде көз жұмған құқық қорғау органы қызметкерлері мен әскерилердің отбасының қайғысына ортақпын. Банк олардың несиесін өзі өтейді. Барлық салымшының депозиті толық сақталып тұр. Мұнымен қатар, банк карталары да бүкіл әлем бойынша еш кедергісіз жұмыс істеп тұр. Алматыда вандалдар үш бөлімшені қиратқанына қарамастан, басқа ғимараттарымызда жұмысты жалғастыру мәселесін қарастырып жатырмыз", – деді басқарма төрағасы Валентин Морозов.
Бұдан өзге Морозов Smartbank қосымшасының жұмыс істеп тұрғанына тоқталды. Десе де интернет байланысының нашар болуына байланысты кей өңірлерде ашпауы мүмкін.
Еске салсақ, бұған дейін "ЦентрКредит" банкі тәртіпсіздіктер кезінде қаза болғандардың отбасына бір миллион теңгеден беріп, несиесін кешіретінін хабарлаған еді.