Этнограф Алматы не Астанада жылқы мұражайын ашуды ұсынды
Ғалым Ахмет Тоқтабайдың айтуынша, жылқы мұражайы Қазақстан туризмінің дамуына үлкен үлес қосады.Алматы не Астанада жылқы мұражайын ашу керек. Ол еліміздің бір брендіне айналуға тиіс. Оған мүмкіндігіміз жетеді, дейді тарих ғылымдарының докторы, этнограф Ахмет Тоқтабай "Ана тілі" газетіне берген сұхбатында.
"Қазақ жылқысының музейін ашуды қолдайтын құзырлы орындар табылса, мен ол музейдің қанша бөлмеден, қандай экспонаттан тұруы керек – бәрін қамтитын концепциясын түзіп қойдым. Бүкіл Қазақстан, қала берді, Моңғолия, Қытай, басқа да елдерді аралағанымда кімнің қолында қандай жәдігер барын жадыма түйіп жүрдім. Соның бәрін жинақтап, музейді жабдықтауға бас-көз бола алар едім", – дейді этнограф.
Оқи отырыңыз: Президент Адай жылқысын асыл тұқымды мал ретінде әлемге танытуды тапсырды
Ахмет Тоқтабай мұның күллі әлемді таңғалдыратын музей болатынына 100 пайыз кепілдік беретінін айтады. Сонымен қатар туризмнің дамуына да үлкен үлес қоспақ.
"Жылқы мұражайы Алматы мен Астана қалаларының бірінде орналасуы қажет. Ел азаматтарынан бөлек осы екі қалаға шетелдік қонақтар да, туристер де көп келетіні белгілі. Біздің бай тарихымыз және жәдігерлерімізбен өскелең ұрпақ та, өзгелер де танысып білсе, бұл өз кезегінде туризмнің дамуына да үлес қосатын бір жол болмақ. Жылқы мұражайы деген еліміздің бір брендіне айналуы керек. Оған мүмкіндігіміз жетеді", – дейді ғалым.
Этнографтың айтуынша, жылқы театры, жылқымен ойналатын 40 түрлі спорт түрі, ертоқымның 15-тен астам түрі бар. Жылқыға қатысты тарихи танымдық, ғылыми, көркем әдеби кітаптар, жыр поэмалар да көп.
Айта кетейік, 2016 жылы Батыс Қазақстан облысындағы Қошанкөл ауылында екі бөлмелі жер үйдің бір бөлмесінен "Сәйгүлік" жылқы мұражайы ашылған еді.