"Этиканы үйрену керек". Қазақстанда ауыл әкімдері партаға отырып, сабақ оқып жатыр
Елімізде ауыл әкімдері партаға отырып, сабақ оқып жатыр, деп хабарлайды 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Олар ауылды дамытумен қатар, мемлекеттік қызметкердің әдебі мен имиджі, адамдармен араласу бойынша дәрістер алады. Президент жанындағы мемлекеттік басқару академиясының мамандары оқу бағдарламасы әдеп жөніндегі кеңесте қаралған мәселелерді саралау барысында түзілгенін айтады.
Кешелі бері әкімдер жылы креслоларын партаға ауыстырды. Олар қолдарына қағаз-қалам алып, қарапайым қызметтік этиканы оқып жатыр. Себебі, тұрғындар тарапынан елді мекен басшыларына шағым көбейген.
Демек, алдына барған қарапайым халықпен дөрекі сөйлесіп, есігін тарс жабатын шенеуніктер әлі де бар. Сабақ таңғы тоғыздан кешкі алтыға дейін болады. Оқу үш айға жалғаспақ. Жетісу облысында қазір бас-аяғы 112 әкім біліктіліктерін арттырып жатыр.
"Көбінесе әлеуметтік желілерде, телеарналардан көріп отырмыз әкімдер кейде өз-өзін ұстай алмайды. Сөйлей алмайды. Сұхбат берген кезде сасқалақтап, қиындықтар туғызады. Екінші жағынан әдеп жөніндегі кеңес жұмыс істейді. Сол негізінде әдеп кеңесінде қандай мәселелер талқыланды соны біз зерттеп барлық бағдарламаны әзірлеген болатынбыз", – деді ҚР президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясы жетісу облысы бойынша филиалының директоры Бақыт Злобин.