Есірткі тасымалдап, сатумен айналысқан мыңға жуық азамат бостандыққа шығуы мүмкін
Қазақстанда 4 мың адам есірткі қылмысы бойынша сотталған.
Елімізде есірткі тасымалдап, сатумен айналысқан мыңға жуық азамат бостандыққа шығуы мүмкін, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Демек, қамаудағы азаматтардың жазасын шартты жазаға ауыстыру туралы шешім сотта қаралатын болады.
Ішкі Істер министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда 4 мың адам есірткі қылмысы бойынша сотталған екен. Оның жартысына жуығы психотропты заттарды таратумен айналысқан.
Еске салайық, Сенат депутаттары есірткі тасымалымен айналысқан азаматтардың жазасын жеңілдететін заңды мақұлдады. Демек, жаңашылдыққа сәйкес оңай олжаға кенелеміз деп жаза басқан жастарға бір мүмкіндік берілмек.