Білім басқармаларының назарын осы мәселеге назар аударғым келеді, деп мәлімдеді "Арнаулы және инклюзивтік білім беруді дамытудың ұлттық ғылыми-практикалық орталығы" РММ басшысы Әйгерім Күдеринова. 

"2020-2021 жылдары үш мыңнан астам педагог біліктілікті арттыру курсынан өтті. 2022 жылдың соңына дейін "Өрлеу" орталығы арқылы тағы 25 мыңнан астам педагог біліктілікті арттыру курсынан өтеді деп жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда жоғары оқу орындарының педагогикалық мамандықтар бойынша білім беру бағдарламасы инклюзивті білім беру бойынша модульді қамтиды. Бізде 17 ЖОО базасында арнайы педагогтарды даярлайды", – деді Әйгерім Күдеринова. 

Орталық басшысының айтуынша, жыл сайын ерекше балалармен жұмыс жасау бойынша 30-дан астам ұсыныс пен әдістемелік құрал жасалады. Мүмкіндігі шектеулі балаларға 8 санат бойынша 300-ден астам арнайы оқу бағдарламасы мен жүзге жуық арнайы оқулық әзірленген. 


Оқи отырыңыз: Мектепті жөндеуге ата-анадан ақша жинаса, қайда шағымдануға болады?


"Бірақ осы тұста арнайы оқулықтардың балалардың барлығы үшін жеткіліксіз екенін атап өтуім қажет. Осы мәселеге білім басқармаларының назарын аударғым келеді. Сонымен қатар, ерекше балалармен жұмыс істейтін мұғалімдер үшін базалық жалақыдан 40% мөлшерде қосымша ақы қарастырылған. Бұдан өзге жан басына қаржыландыру шеңберінде ерекше балаларға арналған қаржыландыру коэффициенті ұлғайтылды", – деді орталық жетекшісі. 

Мұнымен қатар, Әйгерім Күдеринова білім беру ұйымындағы білім басшысының ережелерді бұзғаны үшін және арнайы жағдай жасамағаны үшін заң тұрғысынан жауапкершілік күшейтілгенін бөлісті. 

Биылдан бастап білім министрлігінің 2022 жылдың 2 қаңтарындағы №6 бұйрығымен психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу ережесі бекітілген. 


Оқи отырыңыз: ҰБТ тапсырушылардың төрттен үші қазақ тілін таңдады


"Осы бұйрық ерекше білім беруді қажет ететін балаларға білім беру сапасын психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу арқылы көтеруге мүмкіндік береді. Қазір балалардың 37 пайызы психологиялық-педагогикалық сүйемелдеумен қамтылып отыр. 2022-2023 жылдары осы бұйрық аясында көрсеткіш 100 пайызға жетеді деп жоспарланып отыр", – деді Әйгерім Күдеринова.