Ердоған: Цифрлық әлемде жасанды дін құруға талпыныс байқалады
Түркия президенті цифрлық әлем негізгі нысанасына мұсылмандарды алып отырғанын айтты.Анкарада өткен жетінші Діни кеңестің отырысында Түркия басшысы Режеп Тайып Ердоған цифрлық қозғалыс әлемде жаһандық деңгейдегі құндылықтарды жоюға әрекет етіп жатқанын мәлімдеді. Оның сөзінше, бұл қозғалыс, әсіресе, мұсылмандарды басты нысанасына алып отыр. Бұл туралы Анадолы ақпарат агенттігі хабарлады.
"Біз цифрлық техномәдениетті кім басқарып отырғанын көріп отырмыз. Олар үлкен көлемде ақша табумен қатар, өз көзқарастары мен өмір салтын жастардың санасына астыртын сіңіріп жатыр", – деген Режеп Тайып Ердоған мұсылман құндылықтарын цифрлық сенім жүйесінен қорғау үшін шұғыл шараларды қолға алуға үндеді.
Түркия президентінің сөзінше, мұсылман халықтарының өзінің рухани түп-тамырымен байланысы "өркениетті әлемді" алаңдатып отыр. Сондықтан мұсылман халықтар физикалық, рухани және интеллектуалды тұрғыда шабуылдарға душар болып отыр.
"Мұндай шабуылдар өткен ғасырдан басталса, қазіргі уақытта шарықтау шегіне жетіп отыр. Мұны біз Палестина, Газа, Ливандағы жаппай адам қырғынынан көріп отырмыз. Жаһандық ауқымда мұсылмандар мен Ислам құндылықтарына шабуыл жасап отырған жасырын жаудың келтіріп отырған зияны Газада шығыннан әлдеқайда көп. Бұл жау бірінші кезекте БАҚ пен әлеуметтік желіні қолдана отырып, күрестің түрлі құралдары мен әдістерін пайдалануда", – деген Режеп Тайып Ердоған.
Оқи отырыңыз: Ердоған: Түркия Израильмен қарым-қатынасты толық үзді және оны енді қайта жалғамайды