Ерболат Досаев мемлекет басшысына Алматының 7 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы туралы есеп берді, деп хабарлады Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Алматы қаласын дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте мегаполис әкімі Ерболат Досаев биылғы 7 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы туралы баяндама жасады.

"Алматы экономикасы қарқынды дамып келеді. Биылғы 7 айының қорытындысы бойынша қысқа мерзімді экономикалық индикатор 16%-ға өсті. Өсудің негізгі драйверлері – өңдеу өнеркәсібі мен сауда. Іскерлік белсенділік индексі 54,7%-ға дейін артты", – деді әкім.

Жыл басынан бері қала экономикасына 750 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды. Тікелей шетелдік инвестициялар ағыны 35,8%-ға артып, биылғы 1-тоқсанда 2,3 млрд АҚШ долларына жетті. Жеке инвестициялар 5,3%-ға өсті.


Оқи отырыңыз: Тоқаев Алматыда өрт кезінде әрекет ету оқу-жаттығуларын ұйымдастыруды тапсырды


Алматы мемлекеттік бюджеттің бас доноры болып қала береді. 7 айдың қорытындысы бойынша мегаполистің үлесі 28,5%-ға дейін көбейді. Жыл басынан бері мемлекеттік бюджетке шамамен 3 трлн теңге салық, оның ішінде республикалық бюджетке 46% өсіммен 2,14 трлн теңге салық түсті. Қаланың жергілікті бюджетке түсетін түсімдері 29%-ға асыра орындалып, 843 млрд. теңгеге жетті. 2023 жылғы тамызда қаланың нақтыланған бюджетінің шығыс бөлігі 1 трлн 643 млрд теңге деңгейінде бекітілді. Бұл өткен жылдың 1 қаңтарымен салыстырғанда 30,6%-ға немесе 385 млрд теңгеге өсті. 2023 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша жергілікті бюджет 99,4%-ға игерілген.

Ерболат Досаев экономиканың дамуы 38 мың жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік бергенін атады. Биылғы шілдеде жылдық инфляция 14,2%-ға дейін баяулады. Әкімдік нарықты қанықтыру және реттеу үшін қабылдап жатқан шаралар аясында азық-түлік инфляциясының қарқыны биылғы қаңтардағы 24,3%-дан 11,7%-ға дейін (әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары – 22,4%-дан 7,4%-ға дейін) едәуір баяулады.

Әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің одан әрі өсуін қамтамасыз ету үшін әкімдік Алматы қаласын дамыту бағдарламасы аясында басым салаларды дамытуға мән беріп, қала экономикасын әртараптандыру бойынша жұмысты жалғастырып келеді. Алматы әкімі бұған дейін мемлекет басшысы қолдау көрсеткен индустриялық аймақтың екінші кезеңін дамыту жайлы баяндады. Қазіргі таңда 194 гектар жер телімі сатып алынды. Биылдан бастап 40 млрд теңгеге инфрақұрылым салу көзделіп отыр.


Оқи отырыңыз: 1725 теңге: Алматы әкімдігі кімдердің коммуналдық шығынын өтеп береді?


Туризмді дамыту мегаполис үшін басты басымдықтың бірі болып табылады. Президенттің осы тапсырмасы аясында тау-кен кластерін дамытудың шебер жоспарын әзірлеу биыл жыл соңына дейін бітеді. Туристік қызметтің сапасын арттыруға ерекше назар аударылады. Ерболат Досаев 2025 жылдың соңына қарай шетелдік туристер санын 450 мыңнан 600 мыңға дейін көбейту міндеті қойылғанын атап өтті.

Қала тұрғындарының күнделікті мәселесін тиімді шешудің негізгі құралы – мемлекеттік басқаруды орталықсыздандыру. Бюджет кодексіне қажетті өзгерістер енгізілді. I кезеңде 2023 жылғы 1 сәуірден бастап қалалық деңгейден ауданға 15 функция берілді (жолдарды ағымдағы жөндеу, инженерлік желілерді салу және жаңғырту, халықтың әлеуметтік осал санаттарына қолдау көрсету, қосымша және мектепке дейінгі білім беруді жан басына шаққандағы қаржыландыру және т.б. функциялар). Жаңа өкілеттіктерге сәйкес аудан әкімдіктерінің бюджеті 3,1 есеге өсіп, 184,3 млрд теңгеге жетті. Осы жылдың жұмыс қорытындысы бойынша қала әкімдігі қосымша функцияларды аудандық деңгейге беру жөнінде ұсыныстар енгізеді.

Алматы әкімдігі халық үшін коммуналдық қызметтердің сапасын арттыруға ерекше ден қояды. Қаланың коммуналдық инфрақұрылымын жаңғырту аясында "Инвестицияларға айырбастау тарифі" бағдарламасы аясында жыл сайын жылумен жабдықтау желілерінің тозуын 1,7-2%-ға, сумен жабдықтау желілерінің тозуын 1,6%-ға және электрмен жабдықтау желілерінің тозуын 1,2%-ға азайту жоспарланған.


Оқи отырыңыз: "Жаңа асфальт 36 сағатта суиды". Алматы әкімдігі көшелердегі қозғалыс не себепті шектелетінін айтты


Бас жоспарға сәйкес, 2030 жылы Алматы халқы қазіргі 2,2 млн адамнан 2,5 млн-ға дейін көбейеді. Шаһарды дамытудың негізгі сын-қатерлерінің бірі – тұрақты сумен жабдықтау және жаңа көздерді іске қосу. Мегаполис тұрғындарының 100% орталықтандырылған сумен қамту үшін 4 жаңа су жинағышты жобалау және салу қолға алынған.

"Алматыда сумен үздіксіз қамтамасыз ету мәселесі бірнеше жыл бойы өзектілігін жойған емес. Наурызбай ауданындағы Ақжар мен Шұғыла шағын аудандары соңғы 18 жыл (2004 жылдан бастап) бойы көктем-жаз кезінде ауыз судан тапшылық көріп келеді. Былтыр күзде тұрғындардың өтінішін ескеріп, "Qazaq stroy" жеке инвесторын тартып, жоба әзірленді. Жоба биылғы наурыз айынан бастап 6 ай ішінде іске асырылды. Биыл 1 тамызда пайдалануға берілген магистральдық су құбыры, сорғы станциясы және су резервуарлары салынды. Қазір абоненттер қосылып жатыр. Бұл Ақжар және Шұғыла шағын аудандағы 35 мың тұрғынды сумен қамтамасыз етеді", – деді Ерболат Досаев.

Медеу ауданының Каменск үстірті, Көлсай, Мұзтау және Юбилейный шағын аудандарында сумен үздіксіз жабдықтау мәселесін шешу үшін биыл жыл соңына дейін қуаты тәулігіне 7,2 мың м3 болатын 4 ұңғыма және 2 резервуар құрылысы басталды. Бұл 20 мың тұрғынды сумен қамтуға мүмкіндік береді.


Оқи отырыңыз: Президент Алматыда мердігер кінәсінен кешіктірілген Қарғалы нысанын қазанның соңына дейін пайдалануға беруді тапсырды


Халықтың тұрақты өсуін ескере отырып, мегаполисте білім беру және медициналық қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін кешенді шаралар қолға алынды. Қаланың жұмыс істеп тұрған 10 ірі көпсалалы стационарлары мен перзентханаларын салу және жаңғырту бойынша кешенді бағдарлама басталды. Мектептердегі орын тапшылығы 2022 жылғы 33 мың орынмен салыстырғанда 27,5 мың орынға дейін төмендеді. 2023 жылдың соңына дейін жергілікті бюджет және жеке инвестициялар есебінен 5 670 орындық 11 мектеп пен қосымша құрылыстар пайдалануға беріледі. Әрі келесі жылы 860 орындық 4 мемлекеттік балабақша ашу көзделген.

Жасыл қорды дамыту және сақтау үшін биыл 320 мың көшет және 2025 жылдың соңына дейін 1,2 млн көшет отырғызылады. Түрлі зиянкестерден қорғау үшін 2,3 млн. жасыл екпені биоөңдеу жүргізілуде. 5 жаңа рекреациялық аймақ пен өзен жағалауларының құрылыс жұмыстарын жалғасып жатыр.

Баяндама соңында мегаполис әкімі қауіпсіз әрі жайлы өмір сүруді қамтамасыз етуде цифрландыру бойынша жұмыстың нәтижесінде жыл басынан бері қылмыстық құқық бұзушылықтар санының 28,7%-ға, жол-көлік оқиғаларының 24,5%-ға төмендегенін хабарлады. Бүгінде полиция департаментінің жедел басқару орталығы 18,8 мың бейнекамера көріп отырады. Жыл соңына дейін қаланың 8 ауданында 35 "Дабыл түймесі" жүйесі орнатылады, ал 2025 жылдың соңына дейін тағы 70 жүйе пайда болады.