Енді рейс кешіксе ақшаңызды қайтарып ала аласыз, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Себебі елде алғаш рет әуе сапарларына сақтандыру жүйесі енгізілмек. Демек, ұшақ уақытында ұшпай қалса, жолаушыға өтемақы төленеді. Бұл Азаматтық авиация комитетінің пилоттық жобасы. 

Жаңа жүйе мамыр айында іске қосылады деп жоспарланып отыр. Ал сақтандыру билетпен бірге сатылмақ. Бірақ, міндеттелмейді. Яғни, жолаушы қаласа, ақысын төлеп, полисті алады. Мұндай тәжірибе әлемнің дамыған елдерінде бұрыннан бар деді мамандар. Енді бұл қатарға Қазақстанда енуі мүмкін. Алайда, әзірге өтемақы көлемі белгісіз. Нақтысы тек келесі айда жарияланбақ. 

"Жолаушылардың құқығын күшейту бойынша қазір тиісті жоба жүргізіп жатыр. Оған сәйкес жолаушылар ерікті түрде өзінің құқықтарын қорғай алады сақтандыруға кіру арқылы. Енді ол жоба тиісті жеке партнермен жүзеге асырылып жатыр. Яғни жолаушы сол компания арқылы өзінің рейсін кешігуден сақтандыра алады. Өтемақы алу үшін сол компанияға қайтадан жүгіну керек болады", – деді ҚР КМ Азаматтық авиация комитеті халықаралық әуе қатынасын реттеу басқармасының басшысы Әділет Көбенов.