Енді түрмеде отырғандар да университетте білім алуы мүмкін
Жазасын өтеушілердің дені 18-35 жас аралығындағы жастар.Елімізде бас бостандығынан айырылып, түрмеде отырған адамдар да жоғары оқу орындарында білім алуы мүмкін, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Қазақстанның Адам құқықтары жөніндегі уәкілі Ғылым және жоғары білім министрінен сотталушыларға оқу квотасын бөлуді сұрап отыр.
Артур Ластаевтың мәліметінше, жазасын өтеушілердің дені 18-35 жас аралығындағы жастар. Оған қоса, қамаудағы 28 500 адамның 59 пайызы орта, 24 пайызы арнаулы орта білімді, 6 пайызы мүлдем білім алмаған. Сондықтан оларды дұрыс жолға бейімдеудің бірден бір бағыты - мамандық алуларына мүмкіндік жасау дейді.
Оның айтуынша, бакалавриат бағдарламалары бойынша оқудың орташа құны жылына 1 миллион теңге. Бұл соманы сотталушылар төлей алмайды.
"Жоғары білім алу – сотталғандарға бостандыққа шыққаннан кейін өз мүмкіндіктерін іске асыру тиімділігін арттыруға жол ашатын, сол арқылы қайта қылмыс жасау ықтималдығын азайтып, әлеуметтендіруге арналған бағыттардың бірі. Сонымен қатар мемлекеттің міндеті – сотталғандарды түзеу мекемесінен тыс өмірге дайындау", – деді Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев.