Енді той-томалақ пен қонақасы шығындары заңмен қадағалануы мүмкін
Қырғызстанда той-томалақ пен қонақасы шығындары заңмен қадағалануы мүмкін, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Парламент депутаттары діни, ұлттық рәсімдер мен мереке кезінде кететін қаражатты шектейтін заң жобасын ұсынды. Талқылауға шығарылған құжатта тойға шақырылатын адам санын қысқарту да қарастырылған.
Жаңашылдыққа сәйкес, үйлену тойына 250, ал қыз ұзатуға 100 мейманнан артық шақыруға болмайды. Киіт кигізу сияқты құдалар арасындағы дәстүрлі кәделерге де, той малына да шектеу қойылмақ.
Мәселен, жас жұбайлар тойына бір бас ірі қарадан артық мал союға рұқсат етілмейді. Ал жерлеу рәсімінде ұсақ малды да бауыздауға тыйым салынбақ. Тек үш күннен кейін ғана сиыр немесе жылқы жығып, ас беруге болады. Одан кейінгі марқұмдарға арнап берілетін 3,7,40 күндігі мен жылдық асына толықтай шектеу қойылмақ.
Егер заң қабылданатын болса талаптарды сақтамаған тұрғындарға 100 мыңнан 300 мың сомға дейін, яғни 500 мың теңгеден бастап айыппұл салынады. Жоба авторлары ысырапшылдық халықтың тұрмысына әсер етіп жатқанын айтқан.