Енді декретке "миллионмен" емес, 595 мың теңгемен ғана шығуға болады
Бүгіннен бастап қазақстандық әйелдерге берілетін декреттік төлем қысқарады, деп хабарлайды 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Жәрдемақы 595 мың теңгеден артық табысқа есептелмейді. Болашақ аналар одан артық ақша тапса да декретке қомақты қаражатпен шыға алмайды. Одан бөлек, әлеуметтік төлемді есептегенде бірнеше жұмыс орнынан алатын жалақыны бір арнаға қосуға жол берілмейді. Осылайша, жүктілікке берілетін демалысқа миллионер болып кетемін деген үміт аналар үшін арманға айналмақ.
Енді нәресте күтіміне төленетін бір реттік жәрдемақы 600 мыңнан көп табыс табатын әйелдерде қысқарғалы тұр. Өйткені декрет санағанда есепке алынатын жалақыға шектеу қойылады. Негізі Қазақстанда осыған дейін шектеусіз беріліп келген жалғыз әлеуметтік төлем осы декрет қана еді. Енді оған да лимит бар.
Декреттік төлемдерді есептегенде енді ең жоғары айлық табыс деп саналатын сома ең төменгі жалақының жетеуінен аспауға тиіс. Биыл төменгі жалақы мөлшері 85 мың теңге. Сондықтан ең жоғары табыс 595 мың теңге. Яғни, декреттік төлем осы мөлшерге дейін ғана есептеледі.
Сонда бір реттік алатын төлем 2 млн 249 мың 100 теңгеден аспайын деп тұр. Сонымен қатар декрет санағанда бірнеше жұмыс орнынан түсетін жалақыны қосуға жол жоқ. Бұған дейін әйелдерде 2-3 табыс көзін көрсетіп, жүктілік төлемін көбірек алуға мүмкіндік болған. Бұдан бұлай декретке шыққаннан кейін түскен әлеуметтік аударымдар да есептелмейді.
"Егер кейінгі 12 айдағы орташа айлық кірісіңіз 595 мың теңге болса немесе одан төмен болса әсер етпейді. Яғни, сіздерге жүктілікке және босануға қатысты есептеу дым өзгермейді. Формуласы өзгермейді", – деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі басқарма басшысының міндетін атқарушы Ануар Мұхитов.
Жұмыс істемейтін әйелдерге де өзгеріс жоқ. Олар бұрынғыша бір реттік жәрдемақы, жөргекпұлын ала береді.
Үкіметтің мәліметінше, шектеу декретке қатысты алаяқтық белең алуына байланысты енгізілген.