Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Ордабаев мүгедектігі бар адамдардың жалақысы үш жыл бойы субсидияланатынын айтты

Ол Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру шараларын баяндады.

"Біріншісі – мүгедектігі бар адамдар үшін жұмыс орындарын квоталау тетігі. Бұл талап бойынша жұмыс берушілер бар жұмыс орындары санының 2-ден 4 пайызына дейінгі мөлшерде жұмыс орындарында мүгедектігі бар адамдар үшін квота белгіленеді. Осы бағыт аясында былтыр мүмкіндігі шектеулі 12,2 мың адам жұмысқа орналасты", – деді вице-министр.


Оқи отырыңыз: Депутат мүгедек балаларды ұшақпен тегін тасымалдауды ұсынды


Вице-министр ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін арнайы жұмыс орындарын құру жобасы 2018 жылдан бері бар екенін айта кетті. Жоба аясында жұмыс берушіге жұмыс орнын құру және жабдықтау шығындары өтеледі.

"Тетік қайта қаралып, күшейтілді. Биылдан бастап жұмыс берушінің 1 миллион теңгеге дейінгі шығындары өтеледі. Сонымен қатар арнаулы жұмыс орындарына жұмысқа орналасқан мүгедектігі бар адамдардың жалақысы үш жыл ішінде субсидияланады. Мәселен, бірінші жылы мемлекет жалақының 70 пайызын, екінші жылы – 65%, үшінші жылы 60 пайызын субсидиялайды", – деді Олжас Ордабаев.

Үшінші бағыт – біліктілікті арттыру, кәсіпкерлікпен айналысу және субсидияланатын жұмыс орындарына жұмысқа орналасу үшін мүмкіндіктер көзделетін 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаны іске асыру аясында жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларымен қамту.


Оқи отырыңыз: Мемлекет жетім және мүгедектігі бар студенттер үшін жатақхана ақысының жартысын өтейді


Бүгінгі күні Ұлттық жоба 13 мыңнан астам мүгедектігі бар адамды қамтыды. Оның 1,2 мыңы – тұрақты жұмысқа, 5,9 мыңы – субсидияланатын жұмыс орындарына, оның ішінде "Жастар практикасы", "Алғашқы жұмыс орны", "Күміс жас" және басқа да жобалар бойынша жұмысқа орналастырылды.

"Биыл гранттар беру тетігі қайта қаралды. Халықтың осал топтарына, соның ішінде ерекше қажеттіліктері бар адамдарға және мүгедектігі бар балалары бар ата-аналарға артықшылық беріледі. Осылайша, мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған 286 ата-ана мен мүмкіндігі шектеулі 481 адам грант алды", – деді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі.