Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон құқық қорғау органдарының желідегі "лайк" үшін іс қозғауын сынға алды. Осы орайда ол мұндайға жол бермеуге шақырды

Душанбе қаласында жоғары білікті әскери кадрларды даярлау жөніндегі мемлекеттік мекеменің ашылу салтанатында сөз сөйлеген президент Эмомали Рахмон құқық қорғау органдарының бірқатар кемшілігін атады. 

"Құқық қорғау органдарының қызметінде жетістіктермен қатар көптеген кепшілік барын айта кету керек. Мысалы, соңғы уақытта органдар кей азаматтың желіде таралған материалдар мен бейнероликтерге қойған "лайкын" дәлелге балап, кейін осы адамдар үлкен қиындықтарға тап болып жатыр. Басқаша айтсақ, кейбір орган оларға қарсы негізсіз қылмыстық іс қозғайды. Мұндай әрекеттерді тоқтату керек", – деді Тәжікстан басшысы. 


Оқи отырыңыз: Сарыөзекте сарбазды ұрып өлтірді деген лейтенант 7 жылға сотталды


Ары қарай президент терроризммен қатар қоғамның тұрақтылығына қауіп төндіретін тағы бір қауіп – есірткі контрабандасы мен заңсыз айналымы екенін айтты. 

"Талдау көрсеткендей, елдегі есірткі ағыны мен олардың айналымы өткен жылмен салыстырғанда өсті. Бұл бағыттағы жағдай алаңдатып отыр. Ойын-сауық және қоғамдық орындарда синтетикалық есірткі сатылымы әлі де жалғасып жатқанын және нашақорлардың саны әлі де көп екенін қайталаймын. Есірткінің заңсыз айналымынан түскен табыс терроризмді және басқа да ұйымдасқан қылмыстық топтарды қаржыландыру көздерінің бірі екенін тағы да қайталаймын", – деді Эмомали Рахмон.

Тәжікстан басшысының айтуынша, тиісті органдар есірткі заңсыз айналымының алдын алуға байланысты өз қызметін түбегейлі өзгертуі қажет.

"Атыс қаруының заңсыз айналымы қоғамға және адамдардың өміріне елеулі қауіп төндіреді және ауыр қылмыстар жасауға себеп болады", – деді президент. 


Оқи отырыңыз: Тәжікстан астанасында ақын Абай Құнанбайұлының бюсті ашылды