Астана қаласында Қытайдың Қазақстандағы мәдени күндері аясында Гуанчжоу қаласына шағын көрме ашылып, "Гуанчжоу, әлем сенің арқаңда керемет" атты фотобайқау жарияланды. Шараның өтуіне Гуанчжоу қаласының халықтық үкіметінің баспасөз кеңсесі, ҚХР Баспа ісі және шет тілдердегі әдебиетті тарату басқармасы жанындағы Халықаралық байланыстар орталығы мұрындық болды. Сондай-ақ, оған қазақстандық Қытайды зерттеу орталығының өкілдері де қатысты. 

Қытайдың Қазақстандағы елшілігінің істері бойынша уақытша өкіл Син Фанфанның айтуынша, екі ел арасындағы гуманитарлық өзара қарым-қатынас қазіргі таңда қарқынды дамып келеді. Оның ішінде Гуанчжоу қаласы мен қазақстандық қалалар арасында экономикалық, мәдени және өзге салалардағы байланыс жаңа белеске шықты. 

Қытайдың Қазақстандағы елшілігінің істері бойынша уақытша өкіл Син Фанфан

Өкілдің сөзін қостаған Гуанчжоу қалалық комитеттің насихат бөлімінің меңгерушісі Ду Синьшань фотобайқау екі ел арасындағы цифрлық экономика, жасыл энергетика және гуманитарлық алыс-беріс саласында практикалық әріптестікті күшейтетініне сенім білдірді. 

Сондай-ақ, елорда әкімдігінің туризмді дамыту бөлімінің жетекшісі Тілеужан Өмірзақұлы фотобайқау және фотокөрме Астана мен Гуанчжоу қалалары арасында достық пен өзара сыйластыққа жаңа серпін беретінін айтты. 

Шараға қатысқан 100-ге жуық адам фотокөрмеге қойылған үздік суреттерді тамашалап, бұл кездесу Гуанчжоу қаласымен тереңірек танысуға мүмкіндік бергенін жеткізді.