Елорда мектептері мен мәдениет мекемелеріне тарихи тұлғалардың есімі берілді
Бас қала мектептері Бауыржан Момышұлы, Мұқағали Мақатаев, Мұхтар Әуезов, Мұстафа Шоқай және басқа тұлғалардың есімін иеленді."Елордамыздың 10 мектебі мен 2 мәдениет мекемесіне тарихи тұлғалардың есімін беру туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 23 қыркүйектегі № 669 қаулысы шықты. Мұны мекеме ұжымдары, ғалымдар, зиялы қауым, жалпы көпшілік көптен күтіп жүр еді", – деп жазды Нұр-Сұлтан қаласы Тілдерді дамыту және мұрағат ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп.
- № 35 мектеп-лицейге Нəзір Төреқұловтың;
- № 51 мектеп-гимназияға Мұстафа Шоқайдың;
- № 53 мектеп-лицейге Бауыржан Момышұлының;
- № 54 мектеп-лицейге Ақселеу Сейдімбектің;
- № 61 орта мектепке Қаныш Сəтбаевтың;
- № 67 гимназияға Ілияс Есенберлиннің;
- № 74 мектеп-гимназияға Мұқағали Мақатевтың;
- № 78 мектеп-гимназияға Смағұл Сəдуақасұлының;
- № 86 мектеп-гимназияға Мұхтар Әуезовтің;
- № 90 гимназияға жазушы Қайым Мұхамедхановтың;
- Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Мемлекеттік академиялық филармониясына Еркеғали Рахмадиевтің;
- Нұр-Сұлтан қаласы əкімдігінің "Nomad City Hall" театрына Əзірбайжан Мəмбетовтің есімі берілді.
"Бүгін ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтың туған күні. Сондықтан бүгінгі жаңалық әйгілі қаламгердің 124 жылдығына жақсы сый болды деп ойлаймын. Алдымызда әлі біраз мектеп пен мемлекеттік нысанға да ірі тұлғаларымыздың атын беру жоспарда бар. Бәрі өз ретімен, қолданыстағы заңнамалық рәсімге сәйкес іске асады", – деді Сәкен Есіркеп.