Елімізде тырнақ бояу мен шаш қиюдың құны көтерілді
Статистика бойынша, ірі қалаларда арулар шаш қидыру үшін кемі 5 мың теңге жұмсайды.Елімізде кейінгі бір жылда шаштараз бен сұлулық салондарындағы қызмет құны бірден 12 пайызға өскен, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Finprom.kz мәліметінше, әсіресе тырнақ бояу мен шаш қию қымбаттаған.
Баға Астана мен Алматы қалаларында қатты көтерілген. Мәселен, әйелдер шаш қидыруға кем дегенде 5 500 теңге жұмсайды. Жалпы, биыл қаңтар-наурыз айлары аралығында шаштараз бен сұлулық салондары 19 миллиард теңгеге жуық табыс тапқан. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда екі есеге көп.
Finprom.kz келтірген статистика бойынша, ірі қалаларда арулар шаш қидыру үшін кемі 5 мың теңге жұмсайды. Ал шаш қиып, нәпақа табатындар баға негізсіз өсіп жатқан жоқ, құрал-жабдықтар мен жалға алған орынның құнының аспандап кетуінен қызмет құнын өзгертуге тура келді дейді.
"Қазір бәрі қымбат болған соң шаш қиюдың да бағасы өсті. Әр жерде әрқалай. Адам өз еңбегін бағалау керек. Бұрын сұлулық салондарына кемінде айына екі рет баратындар қазір екі айда бір жазылатындарын айтады. Өйткені барлық қызмет түрі айтарлықтай өсіп кеткен", – деді шаштараз Марат Бекбосынов.
Салон иелерінің айтуынша, бағаның көтерілуі шетелден келетін бояу, косметикалардың қымбаттауымен байланысты. Сонымен қатар сұлулық индустриясы күн санап дамып жатқандықтан үнемі білімді, тәжірибені жетілдіріп тұруға көп қаржы кетеді.